Басты Жаңалықтар БҚО-да 4 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды

БҚО-да 4 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды

Батыс Қазақстан облысында төрт бірдей денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда, жедел жәрдем станциясы, екі емхана, патолого-анатомиялық бюроның ғимараттары жаңадан салынады. Жыл соңына дейін екі ауданаралық аурухана ел игілігіне берілмек. Аймақтағы қарқынды құрылыс жайын әріптесім Ардақ Мұратқызы тарқатып айтсын.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, бұл жерде жедел жәрдем станциясының жаңа ғимараты салынып жатыр. Бұған дейін 80 жыл тұрған ескі ғимарат бұзылған. Қазір станцияның іргетасы қаланып, жұмысшылар жертөле құрылысына кіріскен.

Бір ай бұрын басталған жұмыстың қарқыны күшті. Үш қабатты еңселі ғимаратта диспетчерлік қызмет кабинеттері, тынығу бөлмелері жобаланған. Құрылысқа инфрақұрылымды дамыту қорынан 2,1 млрд теңге қаражат жұмсалады. Және сол қордан қаланың оңтүстік-батысында 250 орындық емхана салынып жатыр. Құрылыс күн суықта да тоқтамас үшін арнайы әдіс қолданылады.

Айбек Сисенғалиев, жұмысшы:

Қыстыгүні трансформатор қосылады, прогрев тартылып, бетонды қыздыру үшін. Өзінің керек температурасында қатыру үшін. Қазір тіреу құрып жатырмыз. Бүгін бетон құямыз. Ертең дайын болады.

«Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасы аясында өңірде 50 жаңа медициналық мекеме ел игілігіне берілді. Қазір Ақсай қаласы мен Казталов ауылында ауданаралық аурухана корпусы салынып жатыр. Енді көршілес аудан тұрғындары да облыс орталығына сабылмай, қажет емді сол ауруханадан ала алады.

Динара Әйтиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

Бөрлі, Казталовтағы ауданаралық ауруханалар ангеограф, МРТ, компьютерлік томография сияқты ауыр медициналық техникалармен қамтылады. Екі нысанның құрылысы да жыл соңына дейін аяқталады.

Облыстық патолого-анатомиялық бюро, яғни мүрдехана қызметкерлері әбден ескірген орынжайда жан баққан еді. Енді оған да 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, жаңа ғимарат салынбақ. Шаһардағы ең үлкен №1 емхана да кеңейтіліп, жанынан қосымша блок бой көтереді.

Нұркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Сондай-ақ 550 келушіге арналған кардиологиялық бөлімшесімен бірге облыстық аурухана құрылысы жоспарда тұр келер жылы және 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған. Перинаталдық орталық жобасы экспертизада. Аурухана бойынша жоба жасақталып жатыр.

Осылайша келер жылы облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналмақ. Ал тұрғындар заманауи әрі сапалы медициналық инфрақұрылыммен қамтылады.

Бөлісу