Басты Жаңалықтар Өңір өндірісінің өркендеуі

Өңір өндірісінің өркендеуі

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің өндіріс саласы қарқынды дамып, жаңа кәсіпорындар қалыптасты. Соның бірі – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылындағы кәсіпорын.  1999 жылы бір ғана диірменмен бидай өңдеуді бастаған өндіріс орны бүгінде өңір экономикасына үлес қосып отырған ірі компанияға айналды. Кәсіпорын ұн, құрама жем мен крахмал-сірне өндірумен айналысады. Бүгінде зауыт 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың дені –  жақын маңдағы ауыл тұрғындары. Өндірістегі диірменнің қуаты тәулігіне 400 тоннаға дейін бидай өңдесе, құрама жем зауыты тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Осындай ірі кәсіпорындар шығаратын жоғары сападағы табиғи өнімге елімізде ғана емес, шетелдерде де сұраныс күн санап артуда. Отандық өнім Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркияға, Қырғызстанға экспортталады. Бір ғана диірменмен басталған бұл кәсіпорынның өркендеуі тынымсыз еңбек пен мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасы, дейді зауыт басшысы.

Нұрлан Түлеев, зауыт басшысы:

30 жылдың ішінде бір ғана диірмен мен элеватордан үлкен холдингке айналдық. Қазір бұл – ауыл шаруашылығындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі. Бәріміз нан жейміз, ет жейміз. Осының бәрі адам баласының игілігі үшін жасалып отыр. Бұл – үлкен жетістік».

Айгүл Манасбаева, Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпы, облыста 2 мыңға жуық өндіріс орны бар. Оның ішінде 18-і – жүйе құраушы ірі кәсіпорын. Бұл кәсіпорындар өндірген өнім жалпы өнеркәсіп көлемінің 60 пайызына жуығын құрайды. Ал соның 10-ы бюджетке 400 миллиард теңгеге жуық салық түсіреді.

Бөлісу