Басты Жаңалықтар Ерлан Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді

Ерлан Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді

Ерлан Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді

Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін одан әрі дамыту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен салалық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Кеңесте 2025 жылы қабылданған Астана бейбітшілік декларациясын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Съезд Хатшылығының XXIV отырысында қаралған құжаттарды халықаралық деңгейде ілгерілету жолдары талқыланды.

Атап айтқанда, дін саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі туралы құжат және жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия сөз болды.

Ерлан Қарин Съездің халықаралық беделін нығайту үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде де жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті. Ол қабылданған шешімдерді іске асыруға және бастамаларды ілгерілетуге халықаралық серіктестерді кеңінен тарту қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар қатысушылар Хатшылықтың мерейтойлық XXV отырысы мен IX Съезге дайындық барысын қарады. Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығының жұмысын жетілдіру мәселесі де күн тәртібіне енгізілді.

Халықаралық мәдени ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалмады.

Кеңесте ИСЕСКО-ның «Түркістан – ислам әлемінің 2027 жылғы мәдени астанасы» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға дайындық талқыланды. Бұдан бөлек, Түркі өркениеті орталығын құру, Дамаскідегі Бейбарыс сұлтан кесенесі мен Әл-Фараби орталығына қатысты мәселелер қаралды.

Кеңес қорытындысында Ерлан Қарин Съезд шешімдерін іске асыру, алдағы іс-шараларға дайындықты қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу