1 млрд теңгеге жуық заңсыз саудадағы темекі өнімі тәркіленді
Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы қазақ-қырғыз шекарасында 1 млрд теңгеге жуық темекі өнімін заңсыз өткізбек болған күдіктілер ұсталды. Қазіргі уақытта полиция қылмысқа қатысы бар адамдарды тергеп-тексеріп жатыр . Тінту кезінде «Газель» автокөлігінен 1600 қорап табылды. Оның әрқайсысында 25 блок темекі бар. «ORIS» маркалы шылымның осы партиясы үшін 307 млн теңге акциз төленуі тиіс болған. Бірақ күдіктілер қаржыны төлемей, тауарды ел аумағында сатпақ болған. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел тобы олардың темекі жасыратын қоймасын да анықтады. Сақтау орнынан 635 қорап тәркіленді.
Гүлнұр Қалдыбай, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-ші бөлігі бойынша темекі өнімдеріне қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы