Басты Жаңалықтар Экономикалық өсімнің өзегі – инвестиция

Экономикалық өсімнің өзегі – инвестиция

Соңғы 7 жылда Қазақстан экономикасына 155 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция құйылды. Бұл қаражат тек қазба байлықтарды игеруге ғана емес, түрлі салаларды дамытуға да бағытталған. Тартылған инвестицияның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен қаржы қызметіне жұмсалған. Мәселен, қазір еліміздің құрылыс саласында қолданылатын материалдардың 73%-ы – отандық өнім. Тақырыпты әріптесім Болат Аманбаев зерделеп көрді.

Қазір не көп, көлік көп. Сол көліктің бір бөлшегі – ақ қалайыдан жасалатын дискісі. Бұрын мұндай дискілер шетелден әкелінетін. Қазір Павлодарда жасалып жатыр. Тәулігіне мың дана дискі шығарылады. Бұл – алюминийді өңдеп, дайын өнім шығаратын аймақтағы алғашқы компания. Кәсіпорын 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қуаныш Балтабаев, «Вектор-Павлодар» кәсіпорнының директоры:

Өндірістік мүмкіндігіміз жылына 300 мың дискі шығаруға бейімделген. Қазіргі уақытта ай сайын 25 мың дискі құйып жатырмыз. Өнімнің 80 пайызы Ресейге экспортталады, 20 пайызы еліміздің ішкі нарығында қалады. Сұраныс жеткілікті.

Зауыт арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Ерекшелігі сол – мұндағы кәсіпорындар жер, мүлік, кеден, қосылған құн және корпоративтік табыс салықтарынан босатылған. Тиімді болғандықтан, шетелдік басқа да кәсіпорындар келіп жатыр. Қазіргі уақытта мұнда 41 кәсіпорын бар. Олардың инвестициялық портфелі 716 млрд теңгені құрайды.

Мәдениет Ахметов, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басшысы:

41 кәсіпорынның 24-і бүгінде жұмыс істеп жатыр. Яғни өнім шығарып отыр. 17 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Олардың арасында жыл соңына дейін пайдалануға берілетіндері де бар. Бүгінде 41 кәсіпорында 800-ден астам адам жұмыс істейді.

Соңғы 7 жылда облыс экономикасына 6 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Өңірге қаржы құюға Қытай, Ресей, Түркия және Германия сияқты елдер мүдделі.

Болат Аманбаев, тілші:

Өңірдің инвестициялық тартымдылығы өз алдына. Павлодар – инвесторларға арнайы кеңсе салып берген еліміздегі жалғыз өңір. Мұнда қаржыны қайда құйып, қандай пайда табуға болатынына қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылады.

Алдағы бес жылда аймақта инвестиция көлемі екі есеге ұлғаймақ. Бұл мәлімет инвестициялық жобалар портфелінен алынды.

Дархан Ермағанбетов, Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл портфельде 160-тан астам жаңа инвестициялық жоба бар. Олардың жалпы құны 12 трлн теңгеден асады. Осы жобалар аясында 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қомақты қаржының басым бөлігі өнеркәсіп, металлургия, энергетика және аграрлық салаларға бағытталады. Тікелей инвестиция тарту бойынша Ертіс-Баян өңірі еліміздегі алғашқы бестікке кіріп тұр. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел мәртебесін нығайтып келеді.

Бөлісу