Медиамектеп алтыншы маусымын бастады
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының медиамектебі алтыншы маусымын бастады. Биыл жобаға қатысушылар бес кәсіби бағыт бойынша тегін білім алады. 150-ден астам үміткердің арасынан үздік шыққандар бүгін «Қазмедиа орталығына» келіп, журналистермен жүздесті.
Тек телеарнадан ғана көретін тілшілерден тәжірибе алмаққа асығып жеткен жастар көп мұнда. Барлығы да жегені жантақ, арқалағаны алтын болған мамандардың ізінен ергісі келеді. Биыл Ұлттық арна алтыншы мәрте ұйымдастырған медиамектепке 89 үміткер қабылданыпты. Оның 50-і офлайн, ал 39-ы онлайн оқымақ.
Айдана Орқара, Қазақ-Америка университетінің 3-курс студенті:
Шыны керек медиа мектепке өткен кезде өте қуанышты болдым. Бұл маған үлкен тәжірибе. Жалпы Қазмедиа орталығы журналистиканың қара шаңырағы болып табылады ғой. Сондықтан өте үлкен, өте үлкен мүмкіндік десем болады.
Сағынтай Ердәулет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 3- курс студенті:
Мен күтетін нәрсе ол тәжірибелі мамандардан дәріс алып, білім алып іс жүзінде, яғни, практика дейміз ғой. Практика жүзін осы Қазмедиада көреміз деп ойлаймын тәжірибелі мамандармен бірге.
Ал оқу бағдарламасы тележүргізуші, журналистика, продюсер, режиссура және спорт комментаторлығы бағыттарын қамтиды. Жас мамандар аптасына бір мәрте 3 сағат тіс қаққан тілшілерден сабақ алады. Сондай-ақ қосымша дәрістер ұйымдастырылмақ.
Баян Бақкелді, «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі:
Бүгін қуанышпен жаңа лег журналистерді қабылдап отырмыз. Алтыншы маусымға. Жас журналистер келді. Қадамдарына сәттілік тілейміз. Халықтың көзі құлағы Һәм тілі болатын біздің болашақ әріптестеріміз қара қылды қақ жарған, адал, ақ сөйлейтін азаматтар боларын сенеміз.
Ат тұяғын тай басар дейді қазақ. Бүгінгі телевизияның бет бейнесі болған білікті мамандарды ертең-ақ осы жас буынның алмастырары анық. Қазірдің өзінде медиа мектепті тәмамдаған 175 түлектің 24-і қатарға қосылып үлгерген. Жобаның мақсаты да сол. Медиа саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға үлес қосу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы