Басты Жаңалықтар Популизм халық сеніміне селкеу түсіреді

Популизм халық сеніміне селкеу түсіреді

Популизм – халықты уақытша үміттендіру құралы. Сондықтан мемлекетік қызметкерлердің бос уәде, құр мақтаннан және жалаң жарнамадан аулақ болғаны абзал. Лауазым иелері мемлекет есебінен біткен істің бас жағында ғана жүрмей, күрмеуі қиын шаруаның шешімін іздесе халықтың басшылыққа деген сенімін күшейтеді. Сонда ғана атқамінерлердің халық арасындағы абыройы артады. Қостанайлық тілшіміз Дәуренбек Әбдібек қоғамда жиі көтерілетін осы мәселенің мән-жайына үңіліп көрді

Жанай Алтынсариннің мемлекеттік қызметте жүргеніне 27 жыл. Соның 16 жылында ауыл әкімінің міндетін атқарып келеді. Бүгінде Қостанай ауданына қарасы Жамбыл ауылдық округін басқарады. Үш елді мекен кіретін округте 4 мыңға жуық адам тұрады. Олардың ішінде әкімге түрлі тұрмыстық түйткілді айтып, талап қойып келетіндер де аз емес.

Жанай Алтынсарин, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:

Көбінесе жол, көше жарығы мәселесімен келеді. Қазір ададмар жеке басының шаруасымен келуді доғарған. Мен қарастырамыз, ертең істеп беремін деп ондай жалған ақпарат бермеймін. Заңды түрде осылай, сондықтан түсіністікпен қараңыз деймін.

Яғни, «жұртқа жақсы көріну үшін жалған уәде бермеймін», - дейді ауыл әкімі. Оның орнына түйткілді шешудің нақты заңдық тетіктерін түсіндіреді. Алайда мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстана бермейді. Биыл облыс бойынша заңға қайшы әрекет қылып, әдептен аттаған 460 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапқа тартылыпты.

Мэлс Әбдірахманов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары:

Ашықтық пен популизмнің аражігін ажырата білген жөн. Мемлекеттік қызметкер қандай да бір жобаны жүзеге асырудағы тәуекелдерді ескермей, ертең қатырамын дейді. Алайд кейде уәде уақытында орындалмай жатады.

«Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқорсынған сыңай таныту – барып тұрған популизм» деп Мемлекет басшысы өзінің кезекті жолдауында қадап айтты. Бұл айналып келгенде мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіріп, елдің орнықты дамуына тұсау салады.

Айбек Таңатбаев, Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

Мемлекеттік қызметкердің популизммен айналысуы халықтың сенімін жоғалтады. Бұл қоғамның дерті. Мемлекеттік мүдде, мемлекеттік саясатқа кері әсерін тигізеді.

«Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын». Бұл да Президент жолдауының бір үзігі. Яғни бүгінгі мемлекеттік қызметкер көптің көңілінен шығуды емес, сенімінен шығуды мақсат тұтуы тиіс.

Бөлісу