Оралда «Ақжайық» шағын ауданында құрылыс қарқынды
Оралда «Ақжайық» шағын ауданының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа ауданда 76 тұрғын үй, 60-қа жуық әлеуметтік нысан бой көтермек. Қазір 11 үйдің құрылысы аяқталып келді. Сондай-ақ мектеп, емхана, теннис орталығы салынып жатыр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы қаланың көркін айшықтайтын құрылыс жайын бағамдап көрді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір «Ақжайық» шағын ауданындамыз. Мұнда 76 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Солардың бірі – мына бес қабатты баспана. Мінекей, күннің суығына қарамастан, жұмысшылар қызу еңбекке кіріскен. Қазір олардан құрылыс жайын сұрап білейік.
Нағымжан Сүлейменов, дәнекерлеуші:
Иә, қазір пандус темірлерін дәнекерлеп жатырмыз. Тұрғындарға қолайлы болсын деп. Құрылыс жазда басталды. Жылдың соңына дейін үйді тапсырамыз деп отырмыз. Құрылыс материалдарының бәрі де осы Оралдан жеткізіліп жатыр. Өзіміздің отандық өнімдер.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Шағын ауданда болашақта 70 мыңға жуық адам тұрады. Үйлерден бөлек, мұнда 60 әлеуметтік нысан бой көтереді. Атап айтқанда, 1500 орындық 3 мектеп, 4 балабақша, облыстық аурухана, музей, 12 000 орындық стадион, тағы да басқа білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет нысандары салынады.
Батырбек Сапаш, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
Шағын ауданымыз негізгі инженерлік желілермен қамтылған. Жалпы ұзындығы 146,9 шақырым болады. Жол, мінекей, кең әрі сапалы. Екі кезеңмен салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 26,6 шақырым. Осы шағын ауданда 20 көше бар. Оған қоса веложолақ, тротуарлар. Тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасау үшін жұмыстар жүріп жатыр.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
«Ақжайық» шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын жаңа көпір құрылысы да кестеге сай салынып жатыр. Өткел Шаған өзені арқылы өтеді. Көпір ұзындығы – 4,4 шақырым. Жоба құны – 36 млрд теңге. Мінекей, осылайша шағын ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатқанын көрдік. Болашақта тұрғындарға барлық жағдай жасалған, шаһардың ажарын айшықтайтын заманауи көрікті ауданға айналары сөзсіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы