«Сараман жолы» кітабы тарих кезеңнің саяси ахуалын баяндайды
Елі үшін еңбек еткен тұлғалардың ғұмыры – келер ұрпаққа темірқазық. Өткеннің естеліктері келешекке жол сілтейді. Бұл туралы бүгін Алматыда академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты кітабының таныстырылымында айтылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарих пен әдебиет зерттеушілері қатысты.
«Сараман жолы» кітабында тарихи тұлғалар – Мұхтар және Мұрат Әуезовтердің тағдыры бейнеленеді. Қос алыптың ғұмыры арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының бейнесі, саяси ахуалдың жай-жапсары ашылады. Зиялы қауым өкілдері бұл еңбекті ғылыми-танымдық туынды деп бағалап отыр. Себебі, кітап мұрағаттағы тарихи деректер мен ұлы тұлғалардың хаттарына негізделген.
Берекет Кәрібаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Тұлғаны тану үшін алдымен сол тұлға өмір сүрген заманды білу керек. Мұхаң да сол тарихшы ретінде 1918 жылдардан бастап, Қазақ қоғамындағы және орталықтағы, Мәскеу жақтағы саяси қалыптасқан жағдайды баяндай отырып, оның Қазақстанға әсері, жазушыларға әсері, нақты тұлғаларға әсерін мықты баяндап береді.
Кітап 10 тараудан тұрады. Алғашқы бөлімдерде Фатима Ғабитова мен Мұхтар Әуезовтің тағдыры баяндалса, кейінгі тарауларда Мұрат Әуезовтің шығармашылық ізденістері мен қоғамдағы қызметі сөз болады. Соңғы бөлімдер әке мен баланың Үндістан, Жапония және Америкаға сапарларына арналған. Кітаптағы тарихи деректер 2023 жылдан бері түрлі басылымдарда жарияланып, қоғам назарына ұсынылды.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті:
Бұрын соңды болмаған Мұхтар Омарханов Әуезов туралы қаншама терең материалдар жазылған. Кейіпкерлер ішінде Қазақстанның белгілі, елдің дамуына әкелген жазушылардың еңбегі туралы жақсы келтірген деп ойлаймын.
Ғалымдар мұндай туындының тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы зор екенін айтады. Өйткені, тұлғалардың өмір жолы арқылы өткен дәуірдің шындығын танып, ұлт зиялыларының мұрасын тереңірек түсінуге болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы