Басты Жаңалықтар Техниканың тілін тапқан жас шебер

Техниканың тілін тапқан жас шебер

Астанада көпшілік кезекке тұратын атақты автомеханик бар. Небәрі 15 жастағы Райымбекке көлігін тексерту үшін күніне ондаған адам келеді. Жас шебер қазірдің өзінде темір-тұлпардың қыр-сырын толық меңгерген. Еңбекке ерте араласқан бозбаланың жұмысын Ернұр Медет көріп қайтты.

Райымбектің қолына сайман ұстап көлік жөндеп жүргеніне 3 жылға жуықтады. Бүгінде темір тұлпардың ақауын дыбысынан-ақ аңғарады. Ол үшін техника таңсық дүние емес. Себебі әкесі ауыр жүк көлігін тізгіндеген, ағалары автомеханик. Солардың жанына еріп жүріп-ақ жас шеберден һас шеберге айналып келеді.

Қуанышбек Оразхан, Райымбектің ағасы:

Біз мәшінеден бастап кеткен жоқпыз. Біздің велозапчасть магазиніміз бар. Ол жастайын сол жерде қызығушылығы оянып, бізге ананы әкел, мынаны әкел деп велиік құрап жүріп осы көлік саласына келді ол. Бұзғызып үйреткенбіз, не зат қалай екенін өзі шашып үйренді. Шашып үйренген бала қайтадан құрауды да біледі.

Көлік жөндеу, автобөлшек сату - ағайындылардың ортақ кәсібі. Райымбек қызметі үшін ай сайын жарты млн теңгеге жуық жалақы алады. Бастапқыда 15-тегі механикке күмәнмен қарағандар да болған. Ал қазір алыстан арнайы іздеп келетіндер көп.

Қалдан Әлімқұлов, қала тұрғыны:

Алғашында ешқандай адам сенбеді ғой, кішкентай жас бала деп. Өзімізде сенім артпаған едік. Қазір, Құдайға шүкір, молодец. Жұмысына өте тиянақты, өзіміздің көлігімізді сеніп тапсырып кете береміз.

Тұрлаусыз уақытты 10-шы сынып оқушысы тиімді пайдаланады. Таңертең сабаққа барады. Түс-ауа 3-4 сағат көлік оңдайды. Қазір жұмысын әлеуметтік желіге салып, қызық әрі пайдалы контент ұсынып жүр. Еңбекқор бозбалаға көпшілік ерекше қолдау көрсетіп жатыр.

Райымбек Оңғарбек, Автомеханик:

2 айдың ішінде 67 мың оқырман жиналды. Елдің алдында жүрген ағаларым қолдап жатыр. Әлеуметтік желіде ең пайдалысы өзіме клиенттер келеді, өзімді көп таниды енді. Әлеуметтік желі де, бос сөз күлкілер көп қой. Енді өз жағымнан пайдалы болғым келді осы іспен.

Бастысы құрал ұстаған қара баланың қызығушылығы мен қабілеті ұштасып тұр. Сондықтан болашағын да осы саламен байланыстырады. Жасынан жаны қалаған кәсіпке жол тауып, техниканың тілін тапқан талапты жеткіншектің ісі көпке үлгі.

Бөлісу