Басты Жаңалықтар Өңірде екі ірі агроөнеркәсіптік кешен іске қосылды

Өңірде екі ірі агроөнеркәсіптік кешен іске қосылды

Түркістан облысының Арыс қаласында 50 мың басқа арналған мал бордақылау кешені ашылды.  Орта Азияда теңдесі жоқ кешенді аймаққа арнайы іс сапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салтанатты түрде іске қосты.  Қожатоғай елдімекенінен ашылған мега фермада қазір қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қаралар бар. Ірі жоба мемлекеттің қаржылай қолдауымен және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асып жатыр. Бұл бастама өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін бермек. Әрі ет экспорты көлемін арттырады деп күтілуде. Кешен австралиялық технология негізінде салынған.  Кешен жылына 12 500 тонна ет өнімдерін шығарады.  Жоба аясында 60 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Ауылшаруаруашылықтың үлесі қазір ішкі жалпы өнімнің ішінде 6 пайызға жетті. Мына шаруашылығын дамытсақ 10 пайызға жеткізуге болады деп есептеймін. Былтыр экспорттың көлемі 100 мың тоннаға жетті. Ол дегеніміз әрине аз Қазақстанған. Себебі біздің жеріміз бар, мүмкіншілігіміз бар. Адамның тәдірибесі бар. Малшауашылығы ертең экономиканың драйвері болуға тиісті.

Серік Жұманғарин бүгін Шардара ауданында салынған жүгеріні қалдықсыз өңдейтін крахмал-сірне зауытының ашылу рәсіміне де қатысты. Жобалық құны 32 млрд теңге болатын кәсіпорынды қосу үш кезеңнен тұрады. Бұған дейін шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері іске қосылса, бүгін жүгеріні терең өңдеу жұмыстары басталды. Кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, одан 26 түрлі өнім шығарады. 500 адам жұмысқа тартылған зауыт озық технологиялармен жабдықталған. Өндірістің 80 пайызы автоматтандырылған. Зауытта крахмал, сірне, тағамдық глюкоза сияқты өнім түрлері шығарылады. Зауыттың өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Азия мен Еуропа елдеріне экспортталмақ. Кәсіпорынның өндірістік қуаты болашақта 300 мың тоннаға дейін жетіп, әлемнің 100-ден астам елімен байланыс орнату жоспарланған.

Бөлісу