Басты Жаңалықтар Құрылтай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды үшінші оқылымда қабылдады

Құрылтай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды үшінші оқылымда қабылдады

Құрылтай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады. Құжатты талқылау барысында депутаттар 2027 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған бірқатар түзетуді қолдады. Олардың қатарында ең төменгі жалақыны көтеру, елордаға дейін су құбырын тарту және «Балқаш» атом электр станциясында барлау жұмыстарын жүргізу секілді өзгерістер бар. Сонымен, алдағы жылдары тағы қай салаларға басымдық беріледі? Раушан Сайлауқызы рет-ретімен баяндайды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бюджет қаражатының үштен бірі адами капиталды дамыту мен әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталады. Инфрақұрылымды жаңғырту мен экономикалық секторды дамыту жұмыстарына да басымдық беріледі. Енді салалар бойынша сараласақ.

Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруға жалпы көлемі 114 млрд теңге қарастырылған. Оның 75,9 млрд теңгесі ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруге жұмсалады. Бұл бюджеттік салада еңбек ететін 370 мыңға жуық қызметкердің табысын арттыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсететін учаскелік мамандардың еңбекақысы 20%-дан 50%-ға дейін өседі. Ал психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге қосымша үстемеақы төленеді. Бұл өзгерістер 77 мыңнан астам маманды қамтиды.

Жалпы, медицина мамандарының жалақысын көтеруге жыл сайын 135 млрд теңге қажет. Оның 32 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған 103 млрд теңгесі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төленеді.

Бұдан бөлек, мектептерге жасанды интеллект жүйесін енгізуге 600 млн теңге, ал өзге де шығындарға 17,6 млрд теңге бағытталмақ.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және жаңғыртуға 101,5 млрд теңге бөлінеді. Ең ірі бастамалардың бірі – Сәтбаев каналынан Астанаға дейін су құбырын тарту. Сонымен қатар «Балқаш» атом электр станциясы аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, автомобиль жолдары мен өрт сөндіру деполарын жөндеуге қаражат қарастырылған.

Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 47 млрд теңге бағытталады. Мәселен, Өскемен, Ақтау және Атбасар қалаларында қазандықтар, жылу және газ құбырлары жаңартылады. Түркістанда сумен жабдықтау желілері тартылса, Шымкентте жаңа емхана бой көтереді.

Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да назардан тыс қалмайды.

Бөлісу