Онлайн-платформалардың пайдаланушылар алдындағы жауапкершілігі артады
16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қойылып, онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтілмек. Интернеттегі жала, балағат сөз, кибербуллинг пен анонимді аккаунттарға қатысты жаңа талаптар ұсынылды. Құрылтайда қаралған заң жобасына қатысты ұсыныстарды тыңдап, жиынға қатысқан әріптесім Оңғар Алпысбайұлы ретімен түсіндірсін. Оңғар, құжаттағы негізі өзгерістер қандай?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жаңа бастамалар интернеттегі заңсыз контентпен күресіп қана қоймай, платформалардың өзіне де нақты міндет жүктейді. Балалардың қауіпсіздігі, анонимді аккаунттар, азаматтардың құқығы – заң жобасындағы негізгі бағыттар. Бұған дейін болған жалпы ережелер енді нақтылана түсті.
Онлайн платформаларда жала жауып, балағаттаса, былапыт сөздер қолданса әкімшілік жауапкершілік көзделмек. Балаларға қатысты кибербуллинг жасағандарға да жаза күшейеді. Тек пайдаланушы ғана емес, заңсыз контентті жою туралы нұсқаманы орындамаған платформалар да жауапкершіліктен құтылмайды. Қазақстанда тіркелген әлеуметтік желілердің барлығына елімізде өкілдік ашу міндеттелмек.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Масс-медиа мен платформаларда балағат сөздер қолданғаны және платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Бұдан бөлек адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото-видео бейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол берілетін болады.
Биылғы он айда цифрлық кеңістікте 128 500-ге жуық заң талаптарына қайшы материал анықталған. Оның 70 пайызы жойылды. Тағы бір маңызды талап. Бес мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттардың барлығы есепке алынады.
Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:
Жалған ақпарат пен кибербуллинг көбінесе иелерін анықтау қиын, ірі анонимді арналардан табылып жатады. Алайда қазіргі норма 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшалар мен аккаунттарды қамтып отыр. Осы жерде мәселенің ақ-қарасын ажыратып алу керек сияқты. Мысалы, автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса, танымал қоғам қайраткері, журналист, басқа дейік оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма? Сондықтан депутаттар тек анонимді пайдаланушыларды енгізуді ұсынып отыр.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейеді
Ал балаларға қатысты шектеу жасы нақты белгіленген. 16-ға толмағандарға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салу және желі қолданушыларының жасын тексеру теетіктерін енгізу ұсынылды. Дегенмен ата-анасымен, жақындарымен, мұғалімімен байланысатын мессенджерлерге бұл талаптың қатысы жоқ.
Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Ұлыбританияда онлайн қауіпсіздік мектеп бағдарламасына енгізілген. Финляндияда сауаттылық балабақшадан бастап оқытылады. Ал Еуропалық одақ 2022 жылдан бері Бета интернет For Kids стратегиясын іске асырып келеді.
Демек, қауіпсіз интернет баланың ақпаратты тану, күмәнді контентті ажырату қабілетімен қатар жүруі тиіс. Қазақстанда да пайдалы ақпаратты бір арнаға жинақтау көзделіп отыр.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
Қазақстан балалары тұжырымдамасы шеңберінде біз оқыту бейнероликтерін жинақтадық. Қазіргі ата-ана, оқушы, педагогтерге қажетті түсінікті қауіпсіздік бейнематериалдарды бір жақта жинау мәселесі қарастырылып жатыр.
Онлайн-кинотеатрлардың қызметі заңмен реттеледі
Медиа нарықтың өзге де сегменттері жаңа талапқа көшеді. Онлайн-кинотеатрлар теле-радио арналарды лицензия негізінде ғана таратып, Қазақстанда заңды өкілін белгілеуге тиіс. Ақпараттық кеңістікте мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын таңбалау да қарастырылған. Әлеуметтік желіде білім беру курстарын, оқыту бағдарламаларын ұсынатын авторлар өздерінің тиісті сала бойынша білімі бар-жоғын растауы керек болады. Мақсат – жалған сарапшылардан, тиісті білімі болмаса да адамдарға денсаулығына, өміріне немесе қаржыны жұмсауға қатысты күмәнді кеңес беретіндерден азаматтарды қорғау.
Интернеттен төнген қауіп күннен-күнге күшейіп барады. Заң талаптары соған тойтарыс бере ала ма?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Заң платформалар мен пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыруды міндеттейді. Сондықтан балалардың жасын тексеру, анонимді аккаунттарды анықтау, заңсыз контентті жедел жою тетіктері жұмыс істесе, цифрлық кеңістіктегі қауіп азаяды. Құжат бүгін бірінші оқылымда қаралды. Халықтық Конституция негізінде Құрылтай заңдарды үш оқылымда талқылайды. Сондықтан бүгінгі бастамалардың барлығы әзірге ұсыныс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы