Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова өмірден өтті
Қазақтың айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден өтті. 1950 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Сұлукөл ауылында дүниеге келген ақын 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, 25 жыл бойы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1980 жылдардан бастап айтысқа араласып, 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орынды иеленді. Кейін республикалық және халықаралық айтыстарда талай мәрте топ жарып, 1990 жылы Қазақстанның халық ақыны атанды. Әсия Әйіпқызы шығармашылықпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол жас ақындарды тәрбиелеп, айтыс өнерінің кейінгі буынға жалғасуына өлшеусіз үлес қосты. Ақынның өнері мен өнегесі ел жадында сақталады.
Серікзат Дүйсенғазы, ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы:
90 жылдары алғаш Халық ақыны үш ақынға берілді ғой. Біреуі Әсия апамыз, біреуі Қонысбай Әбілов еді. Біреуі Әселхан Қалыбекова. Халық ақыны атағын алған соңғы ақынымыз өмірден өтіп кетті. Әсия апай саналы ғұмырында айтыс өнеріне, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне үлкен еңбек сіңірген біздің анамыздай болған. Бәріміз қамқор болған айтыстың қыр-сырын талай шәкіртке үйреткен ұстаздығы да бар, ақылман аналығы да бар даналығы да бар сондай бір керемет адам еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы