Бүгін Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті ашылады
Бүгін Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласына Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығына кіретін елдердің лидерлері жиналып жатыр. Онда Халықтық Республика төрағасы еркін сауданы қорғап мәлімдеме жасады. Жиынға кедендік тарифтерді көтеріп, бүкіл әлеммен сауда соғысын жүргізген Құрама Штаттар жетекшісі де қатысады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Шэньчжэнь – бір кездері балықшылықпен күн кешкен қарапайым ғана ауыл еді. Содан бері арада қырық жыл өтті. Қазір ол – мегаполис. Аспанмен бой таластырған зәулім ғимараттарымен ғана емес, экпорттық өнімімен, технологиясымен де төрткүл дүниеге мәшһүр. Бүгін мұнда – әлем көз тіккен жиындар өтіп жатыр. Бірер сағат бұрын Қытай төрағасы Си Цзиньпинь Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы ұйымына кіретін елдердің бизнес лидерлерімен жүздесіп, ашық әрі еркін сауданы айқын қорғап сөз сөйледі.
Си Цзиньпинь, ҚХР төрағасы:
Біз Дүниежүзілік сауда ұйымының орталық рөлі мен ережелеріне негізделген көпжақты сауда жүйесін қорғауымыз керек. Еркін сауда мен инвестицияны қолдап, жаһандық өндіріс пен жеткізу тізбектерінің кедергісіз қызмет етуін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Осылайша Си Цзиньпин өз елін негізгі экономикалық бәсекелесі АҚШ-пен салыстырғанда тұрақты әлемдік серіктес ретінде көрсетуге тырысты. Айта кетсек, президент Дональд Трамп тұсында Құрама Штаттар кедендік тарифтерді көтеріп, бүкіл әлеммен сауда соғысын жүргізіп, қатаң сыртқы саясатқа көшті.
Кешкісін Шэньчжэньде Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығына кіретін 21 ел басшыларының саммиті де өтеді. Онда талқыланатын негізгі мәселелер – цифрлық экономика, кеден салығы, еркін сауда аймағы, жасанды интеллект және өзара байланыстарды дамыту.
Сара Беран, АҚШ – Қытай қатынастары жөніндегі ұлттық комитет президенті:
Бұл – сауда байланыстары, кеден, цифрлық экономика және стандарттар сияқты маңызды түйіткілдер бойынша идеяларды ортаға салатын, ортақ келісімге келетін қолайлы алаң. Өз басым, әсіресе, жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір мәлімдеме жасала ма? Осы мәселелені жіті бақылағым келеді.
Тағы бір айта кететін жайт – Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы ұйына әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыздан астамы тиесілі. Бұл топ бүгінде Азия, Океания, Солтүстік және Оңтүстік Америка экономикаларын біріктіріп отыр.
Ұйым саммиті аясында бейсенбі күні АҚШ, Қытай, Ресей президенттері кездесіп, Иран мен Украинадағы соғыс және ядролық қаруды бақылау проблемаларын талқылауы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы