Бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді
Соңғы жеті жылда елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, 536 спорт нысаны салынды. Мәселен былтырдың өзінде 147 нысанның құрылысы жүрген. Соның басым бөлігі ауылдық жерде ашылған. Ірі жобалар қатарында Түркістан облысында ашылған заманауи спорт кешендерін атап өтуге болады. Өңірде 3 жарым мыңнан астам спорт нысаны бар десек, соңғы 5 жылда олардың қатары тағы 400-ге толықты. Тілші тарқатады.
Түркістан қаласы қазір спортшылардың жиі келетін шаһарына айналған. Себебі соңғы жылдары облыс орталығынан заманауи үлгідегі, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болатын орталық кешендер көптеп ашылды. Қазір қалада 265 спорт нысаны жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Түркістандық «Turan Tigers» командасы қазір көрші облыстарға қатынамай, өз алаңында жаттығу жасай алады. Заманауи үлгіде жабдықталған «Мұз сарайында» шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға болады.
Мейіржан Нұрлан, хоккейші:
Мұз сарай біздің жаттығуға өте ыңғайлы. Барлық жағдай жасалған бізге. Тренажерный зал да берілген. Қазір бізде екі апталық жаттығу болып жатыр. Шымкенттің мұзымен салыстырғанда осы жақтың мұзы өте ыңғайлы.
Облыс орталығында сондай-ақ 7 мың орындық «Түркістан Арена» стадионы, 7 теннис корты, көпбейінді «Олимпик» орталығы ашылған. Ал қала іргесінен ашылған заманауи атшабарда ұлттық спорттың бірнеше түрінен дайындық жүргізуге, әлемдік деңгейдегі сайыстарды ұйымдастыруға болады.
Айтбек Сарыбай, Түркістан облыстық Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы:
Қазіргі таңда атшабарымыз өте қолайлы бізге. Аттарымыздың да жай күйі дұрысталды. Дайындығымыз да қазір күшейіп жатыр. Бұл жерде үлкен үлкен жарыстар, көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден Азия, Әлем чемпионаттары өтіп жатыр. Спортшылардың келіп орналасуына да, келіп кетуіне де ыңғайлы.
Ал Түркістанда ашылған «Ескек есу» арнасы академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спортына арналған. Орталық Азияда теңдесі жоқ нысанның аумағы 100 гектарды алып жатыр. Жасанды су айдынында спорттың 6 түрінен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады.
Ғалымжан Құдияров, Түркістан облыстық спорт басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда Түркістан облысында бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың саны 800 мыңнан асады. Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамып келе жатыр. Жоспарымыз шалғай елді мекендерге спорт нысандарын салу болып табылады. Барлық спорт секцияларында тегін шұғылдануға мүмкіндік берілген.
Жалпы өңірде қазір 11,3 млрд теңгеге 62 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде спорт кешендері мен спорт залдары, ату алаңы мен стрит-воркаут алаңдары және жабық футбол манежі бар. Бұл нысандардың басым көпшілігі аудан орталықтары мен ауылдарда салынып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы