Қазақстан СІМ Брюссельде бірнеше кездесу өткізді
«Қазақстан Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын дамытуға қолдау білдіреді». Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Брюссельде өткен өңіраралық өзара байланысты дамытуға арналған екінші министрлік кездесуіне қатысып, баяндама жасады. Сапар аясында министр бельгиялық кәсіпкерлермен кездесіп, инвестициялық жобаларды талқылады.
Көлік логистика инфрақұрылымын дамыту, елдің транзиттік әлеуетін арттыру-Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Министр Мұхтар Тілеуберді басқосуда Президенттің Жолдауында айқындалған басым бағыттарды баяндады. Қазақстанның көлік, логистика, энергетика, цифрландыру саласында еуропалық және өңірлік әріптестермен ынтымақты күшейтуге бейім екенін растады. Конференцияда тараптар Қазақстан аумағы арқылы өтетін Орта дәлізді дамыту, кедендік кедергілерді жою жайын да қаузады.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
Қазақстан үшін ұлттық мүдделеріміз үшін Қазақстандағы тауарлар мен қызметтерімізді Еуропа нарығына қалай жеткіземіз. Қандай қиыншылықтар бар, қалай шешеміз? дегендей мәселелерді талқыладық.
Министр еуропалық кәсіпкерлерді Транскаспий көлік дәлізін жетілдіруге және келесі жылы Қазақстанда басталатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына белсене қатысуға шақырды.
Маттиас Саренс, Sarens group компаниясының зерттеу және дамыту жөніндегі менеджері:
Қазақстан транзиттік логистикалық хаб ретінде одан әрі даму үшін үлкен әлеуетке ие. Біз логистикалық кешенді дамыту, көлік қызметтерін ұсыну және Қазақстандағы мамандандырылған көліктер паркін кеңейтуге инвестиция салу арқылы осыған өз үлесімізді қосудамыз.
Дейв Ван Ден Бос, Ahlers Logistics компаниясының бас директоры:
Қазақстандағы қызметіміздің кеңеюіне және Орта дәліз рөлінің артқанын ескере отырып, елдеріңізге инвестицияны ұлғайтуға ниеттіміз. Біз қазір цифрлық дәлізді дамытуға қатысып жатырмыз. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқан тұста бұл өте маңызды.
Министр бельгиялық кәсіпкерлермен де кездесіп, инвестициялық жобаларды талқылады. Sarens компаниясы Жетісу облысында құны 50 млн доллар тұратын көлік логистикалық орталығын салуды көздеп отыр. Ал Ahlers компаниясы Орта дәліздегі жүк тасымалын цифрландыру жобасын іске қоспақ. Бұл кедендік деректер алмасуға, шекарадағы кідірісті қысқартып, транзиттік операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған жоба. Шетелдік инвесторлар Қазақстандағы тың мүмкіндіктерді пайдаланып, ел экономикасына қомақты қаржы құюға құлшынып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы