Басты Жаңалықтар Семейлік 87 жастағы апа кітаптан қол үзбейді

Семейлік 87 жастағы апа кітаптан қол үзбейді

Кітап оқу – адамның көкжиегін кеңейтіп, танымын тереңдетеді. 87 жастағы семейлік кейуана Роза Нұрқызы осылай дейді. Бар ғұмырын ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнаған жан әлі күнге кітаптан қол үзбеген. Оқыған томдарының санынан өзі де жаңылады. Қаладағы кітап дүкендері мен кітапханаларды аралап, іздеген әдебиетін табуға асығады.

Тоқсанға таяған Роза әжей – қала кітапханаларының тұрақты оқырманы. Көркем әдебиетсіз бір күнін елестете алмайды. Қанша кітап оқығанын өзі де есептеп көрмеген. Өйткені бастысы оқыған дүниенің саны емес, санаға сіңірген білімі мен берер тағылымы,-дейді.

Роза Нұрқызы, зейнеткер:

Осы қаланың 4-5 библиотекасына бәріне жазылулымын. Центральный, Жаңасемейдің екі библиотекасына, осында – бәріне жазылулымын. Кітапсыз өмір жоқ қазір маған. Тем более, қазір пенсияда. Пенсионер деген, деген бақытты уақыт екен. Тек уақытың бос. Сонымен кешке сол кітап.

Кітапты көп оқыса да, Роза әжей көзілдірік тақпайды. Бала күнінен білте мен майшамның жарығымен оқып жанарым жаттыққан дейді. Ал соңғы жиырма жылда сүйікті ісіне тіпті ден қойып, жақсы туындыларды жата-жастана оқитын болған.

Роза Нұрқызы, зейнеткер:

Соны мен жазып отырмаппын. Неше, қанша кітап оқығанымды. 20 жылдан бері жазып отырсам, 100-ге баратын шығар. Мен кітапсыз бір күн отыра алмаймын. Балаларыма айтамын, балалар кітап оқыңдар. Қазіргі жастар кітап оқымайды ғой. Бәрі әлгі телефонға байланып алған.

Дегенмен кітапқа құмар жастар да аз емес. Мамандар соңғы жылдары жас оқырмандар қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Солардың бірі – Нұрай Сатилова. Ол кітап оқуды 11 жасынан бастаған. Қазір 11-сыныпқа дейін  жетпістен астам қазақ және шетел әдебиетін тауысып үлгерген.

Нұрай Сатилова, оқушы:

Қазіргі таңда мен фэнтезиге келдім. Фэнтези болғанда шетелдік дарк романдарға келдім. Қазақ тарихына қатысты мен Шыңғыс ханды оқыдым және де Алаш қайраткерлері жайында оқыдым. Бұл кітап оқу – адамның сөздік қорын көбейтеді. Адамның ішкі ойын ашады.

Айдана Махмудова, кітапханашы:

Оқырмандардың саны өсіп келеді. Кішкентай 5-6 сыныптағы оқырмандарымыз бен осы 90 жастағы апамызға дейін кітаптарды алады. Әртүрлі жанрдағы кітаптардың саны да өсіп келеді. Осы көптеген психологиялық, қаржыға байланысты, жаңадан шыққан, заман талабына сай кітаптарымыз осы уақытта өсіп келеді.

Семейдегі Абай атындағы кітапханада 400 мыңға жуық кітап бар. Рухани қазынаға толы бұл ордадан 18 мыңға жуық оқырман өзіне қажеттін  таба алады. Мамандардың айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталғалы кітапханаға келушілер қатары да арта түскен.

Бөлісу