Басты Жаңалықтар 7 жылда 312 жаңа мәдениет нысаны салынды

7 жылда 312 жаңа мәдениет нысаны салынды

Елімізде соңғы 7 жылда 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Олардың қатарында Мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, музейлер, кітапханалар мен театрлар бар. Халықтық құрылыс аясында бұл бастама жалғасын таппақ. Мәселен, Қарағанды облысында алдағы үш жылда жаңа нысандар салып, ескісін жаңартуға 72 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында көптен бері мұндай қуаныш болмаған. Былтыр тұрғындардың сұрауы бойынша елді мекенде алғаш рет Мәдениет үйі ашылды. Бұған дейін өнерге құштар таланттар, тар ғимаратты пана тұтып келген. Ал жаңа нысанда 200 орындық зал, сахна және түрлі үйірмеге арналған кабинеттер бар.

Қарлығаш Мүсенова, Көкпекті ауылының тұрғыны:

Бізде мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория бар, пошта жұмыс жасайды. Мәдениет ошағы ашылғаннан бері мектепте өнерпаз балалардың  бар екенін енді білдік. Биші де, күйші де, әнші де бар. Би жетекшілері келіп жатыр, ән жетекшілері жетерлік. Сахнамыз өнерпаз балаларға толды.

Абыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Қазір мұнда 200-ге жуық адам түрлі үйірмеге қатысып, ұлт келбетін келістіріп жатыр. Мектеп оқушылары хореография, вокал және сурет салуды меңгеріп жүр. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға да арнайы үйірмелер ашылды.

Ардақ Елібаев, Көкпекті ауылы мәдениет үйінің директоры:

Көптеген іс-шараларды өткіздік. Бұл халыққа ұнап жатыр. Біздің айта кетерлік жайт, бұл мекемеде 90 пайызға осы жергілікті халық жұмыс жасайды. Байқауларға баратын кезде әкімшілік және өзіміздің басшылық «Газель» керек болса, басқа машиналар керек болса, беріп тұрады. 

Биыл облыста 33 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Ал Үштөбе мен Доскей ауылында жаңа клуб ашылды. Алдағы үш жылда өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамытуға 72 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қарағандының өзінде 1500 орындық Конгресс-холл салынып, «Шалқыма» концерт залы, ескі кинотеатр мен театрлар жөндеуден өтеді. 

Дариға Жұмақаева, мәдениет, архивтер және құжаттама басшысы орынбасарының м.а.:

7 жылда 5 нысан ашылды. Үштөбе, Доскей, Көкбекті ауылдарында. Сонымен қатар реканструюкцияланған Құрма ауылында Мәдениет үйі бар. Реновацияға жататын Шалқыма, Ленин атындағы кинотеатр, Кеншілер мәдениет сарайы.

Биыл облыстық Тарихи-өлкетану музейіне де күрделі жөндеу жүргізілді. Мұнда мультимедиалық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері қолданылған жаңа экспозициялар ашылды. Жалпы қосқанда 9 көрме залы бар. Тарихқа тұнған, тағылымды бөлмелердің барлығы заманауи инновациялық форматта жабдықталған.

Бөлісу