Өндіріс өркен жайған өңір
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз шикізат экспорттауды азайтып, дайын өнім шығаруды ұлғайтты. Мәселен, ақ қалайы кластеріне қол жетті. Бұл Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауыты» салынғаннан кейін қол жеткен игілік. Кәсіпорын мемлекетімізде индустрияның дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр? Бұл сұраққа аймақтағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев жауап іздеп көрді.
Серпінді жобалардың сүбелісі. Еуропалық технология бойынша салынған, алюминий шығаратын ТМД елдеріндегі бірегей кәсіпорын. Павлодардағы зауытқа халықаралық сарапшылар осылай баға берген. Тұтас елдің экономикасын алға жетелеген зауыт жылына 260 мың тонна дайын алюминий шығарады.
Мұрат Садықов, Балқыту цехының инженер-технологы:
Әр ауысымда 350-360 тонна өнім шығарамыз. Сонда тәулігіне 700 тонна алюминий өндіріледі. Мен металлург мамандығын осы Павлодардағы университетте оқыдым. Еш өкінбеймін. Бұл жерде еңбек ақталады.
Берік Нұрымбетов Шымкенттің Қазығұртынан. Қазір автобус жүргізеді. Тәуелсіздікпен қоса түлеген маман Ақ қалайы балқытудың барлық баспалдағынан өткен. Себебі металлургия саласына қажетті мамандықтың 50-ге жуық түрін дайындайтын кәсіпорын жанындағы оқу базасында білім алған бесаспап маман.
Берік Нұрымбетов, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ автобус жүргізушісі:
Оқуға келгенмін негізі. Ең бас кезде жұмысшы болдым, кейін бригадир болып еңбекақы алдым сегіз жылдай. Үш жылдай ауысым шебері болып жұмыс істедім. Жалпы, құймада он бес жарым жыл жұмыс істедім.
Павлодарда алдымен «Алюминий зауыты» салынды. Бұл кәсіпорын 50 жылға жуық өнімді экспорттаумен айналысты.
Болат Аманбаев, тілші:
Яғни, 2007 жылға дейін Торғай мен Керегетас кендерінен алынған бокситті жартылай өңдеп, шикізат есебінде сатып келді. Ал, нағыз қалайы «Электролиз зауыты» салынғаннан кейін шығарылды. Содан бері Павлодарда жасалған А-85 маркалы ақ қалайыны әлем елдері Лондон биржасында қыл үстінен бөліп әкетіп жатыр. Бұл әлемдік нарықта ең сапалы әрі таза алюминий саналады.
Зауытта 2,5 мың адам еңбек етеді. Жартысынан астамы - жастар.
Мұрат Жұмабаев, өндіріс бойынша директор:
Қуатты кәсіпорын ретінде жұмысшылардың баспана мәселесін шешуді басты орынға қоямыз. Бұл кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге қолайлы. Бұрын шетелден маман шақыратын болсақ, қазір Тәуелсіз еліміздің жастары кез келген жұмыстың жігін табады.
Бұрын өндіріске қажетті анодты Ресей мен Қытайдан әкелетін. Ал қазір «Қазақстанда жасалған» деген белгі соғылған құймалар толық отандық өнімнен жасалады. Яғни, кәсіпорын соңғы 35 жылда импортқа тәуелділіктен толықтай арылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы