Қаратаудағы арқарлар саны 2 мыңға жуықтады
Түркістан облысында Қаратау арқарының саны өткен ғасырдан бері бірнеше рет күрт азайған. 2004 жылы санақ жүргізілгенде 38 бас қана қалғаны анықталған болатын. Сол жылы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы құрылып, сирек жануарларды қорғау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Мүйізділер ерекше қорғауға алынған соң ғана популяция біртіндеп көбейіп, қазір 2 мың басқа дейін жеткен. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының мамандары әр жылы екі рет, көктемде және күзде арқарға санақ жүргізу үшін арнайы экспедицияға шығады. Бұл жолғы экспедицияға 11 маман қатысып, екі топқа бөлінді. Әр топ белгіленген бағыт бойынша тау бөктері мен сай-саланы аралап, жануарларды бақылауға кірісті. Қарсы соққан екпінді жел, биік асулар мен тастақты соқпақтар экспедиция жұмысын қиындатады. Мұндай жағдайда атпен қозғалу да оңай емес.
Қаратаудың табиғаты жыл сайын әртүрлі кейіпке енеді. Мамандардың айтуынша, ауа райы мен маусымдық өзгерістер арқарлардың қозғалысына да әсер етеді. Яғни күн суытқанда олар биік жайылымдардан төменгі аумақтарға қарай ығысады. Қыста төменге түседі, жазда жоғары көтеріледі. Суаттарға да барады.
Нұрдәулет Нұртазаев, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығының маманы:
Күзгі санақтың жүргізілетін уақыты ірі сүтқоректілердің күйік кезінде жүргізіледі. Осындай құлжаларымен аналық арқарлардың бір-бірімен шағылысу кезінде жақсы көзге көрінетін болады. Осы жерге дейін 550 басын көрдік. Екінші топтың санағы бойынша ол кісілер 600 бас санап келдік деп отыр.
Арқарларды үркітіп алмау үшін мамандар алыстан дүрбі арқылы бақылайды. Санақ тек көзбен көрумен шектелмейді. Фототұзақ, дрон және жанама белгілерді зерттеу тәсілдері де қолданылады. Сонымен қатар жануарлардың жалпы саны ғана емес, жыныстық және жас ерекшеліктері де ескеріледі. Әсіресе төлдердің санына баса мән беріледі.
Шора Жанатаев, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы басшысының орынбасары:
Аталықтарының мүйіздері үлкен, кәдімгі мүйізді болады. Аналықтарының мүйізі 15-20 см болады. Төлдерінің мүйізі кішілеу болады.
Экспедиция кезінде қасқыр мен борсық та көзге түсті. Бұл Қаратау қорығының тек арқарларға ғана емес, өзге де жабайы жануарларға қолайлы мекен екенін көрсетеді. Қорық аумағында 700-ден астам өсімдік түрі өседі. 118-ден аса құс түрі кездеседі. Оның 12-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы