Басты Жаңалықтар Президент жемқорлыққа қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

Президент жемқорлыққа қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

Мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықпен күрес күшейеді. Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Басты міндет – мемлекеттік қаржының талан-таражға түсуіне тосқауыл қою және квазимемлекеттік сектордың жұмысын жақсарту. Кешегі елді дүр сілкіндірген «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы хабардан кейін Президент бүгін Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, маңызды мәлімдемелер жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларды мемлекеттің қас жауы деп атады. Әсіресе келер жылы жүзеге асатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына ерекше назар аударды. Оның аясында жолдар, мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Президент бұл жобалардың сапасына қатаң талап қойды. Мемлекет басшысы кешегі оқиғаны жаңа Конституция қабылданғалы бері мемлекеттік компанияларда әшкереленген алғашқы ірі жемқорлық ісі деп бағалады. 15 наурыздағы референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген Ата заңда «Заң мен Тәртіп» қағидаты бекітілген. Президенттің сөзінше, оны бұзғандар қатаң жауапқа тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жағдай қаншалықты күрделі болса да, «Самұрық-Қазына» қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтамайтынын айтты. Президенттің пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырып, компаниялардың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Бөлісу