Маңғыстау облысында Президент Жолдауы талқыланды
Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы құрылған жұмыс топтары Жаңаөзен мен Ақтауда медицина қызметкерлерімен, өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен, білім беру саласы және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.
Жаңаөзенде медицина саласының мәселелері көтерілді
Жұмыс тобының алғашқы кездесулерінің бірі Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасында өтті. Жиынға Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев, қала әкімі Сымбат Төретаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз және «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Имаммахмұт Шағырбаев қатысты.
Аббат Өрісбаев Президент Жолдауында белгіленген саяси және әлеуметтік-экономикалық міндеттерге тоқталды. Депутаттың айтуынша, биылғы Жолдау Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында қолға алынған саяси реформалардың жалғасы саналады.
Ол жаңа Конституцияның қабылдануы, бірпалаталы Парламенттің сайлануы, Халық кеңесінің жұмысын бастауы және Вице-президент институтының құрылуы елдің басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістер екенін атап өтті.
Кездесуде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және халықтың өмір сапасын жақсарту мәселелері де талқыланды.
Лаура Ахметнияз медицина саласында жоспарланған жобалар туралы айтып, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды жаңарту және озық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
МАЭК қызметкерлерімен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланды
Жұмыс тобы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) еңбек ұжымымен де кездесті.
Жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин және «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова қатысты.
Тараптар елдің экономикалық дамуы, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика әлеуетін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, атом электр станциясын салу, Кендірлі әуежайын іске қосу, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту бағыттарына назар аударылды.
Бекмұрат Жүсіпов өңірдегі демографиялық өсімге байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бала туу көрсеткіші жоғары Маңғыстау облысында ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған медициналық мекемелерге сұраныс артып келеді.
Осыған байланысты Ақтау қаласында 350 орындық көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр.
«ҚазАзот» кәсіпорнында әлеуметтік жобалар таныстырылды
Президент Жолдауындағы міндеттер «ҚазАзот» акционерлік қоғамының еңбек ұжымымен өткен кездесуде де талқыланды.
«Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды түсіндірді.
Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында денсаулық сақтау саласында 70-тен астам, білім беру және мәдениет бағытында 50-ден астам нысан салу жоспарланған.
Кездесуде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері де көтерілді.
Ақтауда білім беру және қоғамдық келісім мәселелері қаралды
Ақтау қаласында білім беру саласы мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Раушан Аймурзаева, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева, «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Қарасаев және «Берекет-Ф» компаниясының бас директоры Зарета Фаталиева қатысты.
Жиында білім беру инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелері сөз болды.
Нұрбек Қарасаев Президент Жолдауында елдің алдағы даму кезеңіне арналған маңызды міндеттер айқындалғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай кездесулер Жолдаудағы бастамаларды әр сала өкілдеріне түсіндіруге, оларды жүзеге асыру жолдарын талқылауға және тұрғындардың ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді.
Ал Тимур Қосымбаев білім беру нысандарын салу және күрделі жөндеуден өткізу тәртібіне тоқталды. Ол жобалық құжаттарды сапалы әзірлеу және тиісті мекемелерге уақытылы ұсыну маңызды екенін айтты.
Сондай-ақ комитет өз құзыреті шеңберінде өңірдегі әлеуметтік нысандарды дамыту бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесулер соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Жұмыс топтарының өкілдері Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру тетіктері жөнінде түсініктеме берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы