Басты Жаңалықтар Құлсарыдағы орталық көпірдің құрылысы биыл аяқталады

Құлсарыдағы орталық көпірдің құрылысы биыл аяқталады

Атырау облысы Құлсары қаласындағы орталық көпірдің құрылысы үш жылдан астам уақыттан бері аяқталмай тұр. Салдарынан тұрғындар қаланың арғы бетіне жету үшін айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Ал көпір маңындағы кәсіпкерлер үшін бұл жағдайдың зардабы аз емес. Жолдың жабылуы адам ағынын азайтып, сауда-саттыққа кері әсерін тигізген. Тіпті кейбір кәсіп иелері жалға алу бағасын төмендетуге мәжбүр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

Кезінде қаланың ең қайнаған сауда орындарының бірі болған бұл аумақ қазір бұрынғыдай емес. Көлік қатынасы қиындап, жаяу жүргіншілер легі де сиреген. Салдарынан кәсіпкерлердің табысы төмендеп, жалға берілетін нысандар да бос тұр.

Бекдос Сәлімжанұлы, кәсіпкер:

Көліктер кіре алмайды. Адамдардың легі азайды. Бұл орталық қой, бұрын келушілер көп болатын. Мұнда компьютер клубы бар, офистарымыз бар. Бутиктердің жартысы онсыз да бос тұр. Көп адам аренда ақысын төмендетуді сұрап жатыр. Бұзылған жер өзімізге тиесілі, бірақ келісе алмай отырмыз.

Ал көпірдегі құрылыс жұмыстары қазір қайта жанданған. Құрылыс алаңында қазір 10 шақты жұмысшы мен 5 техника дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені қыс жақын, сондықтан жұмыстарды ертерек әрі сапалы бітіру қажет.

Мұрат Қайратұлы, учаске басшысы:

Біздің балкілердің ортасын қосып, монолиттік жұмыстарды атқарып жатырмыз. Одан кейін арматурасын тоқып, үстіне бетон құйып, кепкеннен кейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жауапты бөлім өкілдерінің мәліметінше, құрылыстың ұзаққа созылуына мердігерлермен арадағы мәселелер себеп болған. Алғашқы мердігер келісімшартта көрсетілген мерзімде жұмысты аяқтамаған. Кейін екінші мердігер тартылғанымен, ол да құрылыс жұмыстарын жалғастырмаған. Осыдан кейін нысанды аяқтау үшін үшінші мердігермен жұмыс басталды.

Бекет Бозжігітов, Жылыой ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Бірінші мердігермен екі мәрте соттастық. Аппеляциялық шағымда бірінші рестанцияда. Екінші мердігермен бірінші рестанцияда тағы сотты жеңген болатынбыз. Сол сияқты сот процедуралары, тағы өзіндік себептермен осы уақытқа дейін созылып келеді.

Жобаның бастапқы құны 330 миллион теңге. Қазіргі мердігер содан қалған 180 миллион теңгеге құрылысты аяқтауы тиіс. Бұл қаражатқа ұзындығы – 24, ені – 15 метр, жарық шамдары мен жаяу жүргіншілер өткелі бар көпір салынып жатыр.

Бөлісу