Ауылдағы шаруа алып шабдалы өсірді
Жамбыл облысы Меркі ауылының тұрғыны ауқымы адам алақанына симайтын алып шабдалы өсірді. Жемістің бір данасының салмағы 775 грамға жеткен. Мамандар бұл елімізде бау-бақ өсіруде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш дейді. Ал әлемдік рекорд былтыр АҚШ-тың Вирджиня штатында тіркеліп, 830 грамм шабдалы Гиннеске енген еді. Ауылда отырып агро сала мамандарын таңқалдырған шаруаның шарбағында Данияр Әлімқұл болып қайтты.
Ерлі-зайыпты Затілдаевтар 2023 жылы шабдалының испандық «Экстрим» сортын Түркиядан әкеледі. 300 көшеттің әр түбін 11 доллардан сатып алады. Мемлекет әр дараққа 466 теңге субсидия төлеген. Осы кәсіп үшін Алматыдан арнайы Меркіге көшіп келдік дейді. Жер ауыстырып жетістікке жеткенін небәрі 50 соттық жерден 5 тонна өнім алғанынан байқауға болады. Тіпті бір ағаш 75 келі өнім берген.
Бақтияр Затілдаев, қожалық жетекшісі:
Мен сізге айтайын, біз көктемде еккенде 1,20 болды, күзде 2 метрден асып кетті. Қазақстанда егіп жатыр, Шымкентте, Түркістан облысында егеді. Бірақ ішіндегі нәтиже беріп тұрғаны біздің Меркінің шабдалысы ғой.Топыраққа да байланысты. 30-35% тас болуы керек, майда тастар, сары топыраққа бұлай бермейді.Түркия елі таң қалды.
Иә, түркиялықтар көлемін көріп, Меркінің топырағына таңырқап, суын сұратқан. Ал тау суы сарқырап ағатындықтан, құрамында оттегі көп болады екен. Қазір шаруа шабдалы келісін 3 мың теңгеден сатып отыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Шабдалы еккеннен кейін 2 жылдан кейін мол өнім бере бастаған. Міне, менің алақанымның ауқымына симай тұр. Мұның базарда кездесетін кәнігі түрі 100-150 грамм болса, мына әңгелектей жемістің біреуі 775 грамм. Демек шабдалы расында Меркі тауының қар суы мен қара топырағының қасиет, құнарынан нәр алған болып тұр.
Енді олар алқапты 4 гектарға жеткізу үшін 2 жарым мың түпке тапсырыс бергісі бар. Бірақ көшетке субсидия тым аз, сондықтан алынған өнімге қаржы қаралса дейді.
Нұргүл Затілдаева, шаруа:
Қазақстанда мұндай шабдалы жоқ. Облыс әкімшілік те көмектескілері келетін шығар, бірақ бағдарлама қарастырылмағандықтан, қаржы бөлінбегендіктен, бізге көмек жоқ. 50-60 млн 2,5 пайызбен бізге берсе дұрыс болатын еді, каникулы бар.
Басқарма субсидиядан бөлек, отандық тыңайтқыш пен дәрі құнының 60%-ы өтейміз дейді. Ал еңбек адамдары элиталы сорт еккендіктен, зерттеу институтының нұсқамасымен тегін қойма салып бермек.
Нұрғиса Қанқожаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі уақытта қалыптастқан қағидаға сәйкес ондай өнімге арнайы субсидия жоқ. Сыйымдылығы 20 тоннаны құрайтын қысқа мерзімде салқындатуға қуаттылығы бар арнайы қондырғы орнатылып, аталған шаруаның жұмысындағы тиімділігін көру мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде.
Шаруа тау етегіндегі 1 гектарға егілген шабдалыдан 5 жылдан кейін 45 тонна өнім алуға болады дейді. Демек Меркі ауданын елдегі шабдалы шаруашылығының орталығына айналдыруға мүмкіндік бар. Айта кетейік, аймақта 1,8 мың гектар бау-бақша бар десек, оның тек 24 гектарында шабдалы өсіріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы