Жастарды отбасылық өмірге дайындайтын курстар өтіп жатыр
Ақтөбеде жастарды некеге, отбасылық өмірге дайындайтын курстар өтіп жатыр. Білікті мамандар психология, қаржылық сауат негіздерін үйретіп, балалы болуды жоспарлауға көмектеседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара үйленуге батылы бармай жүрген жастарға және енді ғана отбасын құрған жұптарға аса қажет.
Сүндет пен Гүлзейнеп Алматы қаласында танысқан. Өмірлік жұп болуға серттесіп, үлкен өмірге бірге қадам басты. Олар да отбасын құруға біраз жүрексінгендерін айтады. Дегенмен бір-біріне деген сезім мен сенім қорқыныштарын жеңуге көмектесті. Ал некені жоспарлау курсына бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктерін, қаржылық сауатын арттыру үшін қатысуға ниетті.
Сүндет Ербасов, қала тұрғыны:
Үйдегі күйбең тіршілікпен көп нәрсені ұмытып кетеміз. Осындай семинарларға жиі қатысу керек. Үйден де білім алып отыру керек, үлкендердің батасы мен ақылын тыңдау керек.
Бұл курстарға Сүндет пен Гүлзейнеп секілді жұптардан бөлек бойдақ қыз-жігіттер де қатысып жатыр. Алғашқы дәрістің өзіне оннан аса адам жиналды. Мамандар отбасындағы өзара сыйластық, міндеттерді бөлісу және ортақ жауапкершілік жөнінде ақыл-кеңестерін берді. Құқықтық және қаржылық сауат жөнінде де айтылды.
Жақсылық Таңатаров, Отбасын қолдау орталығының директоры:
Тегін психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз. Өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға, әкелерге сабағымыз бар.
Мамандар қатысушылардың өтініші бойынша жеке әңгемелесіп, мәселелерін шешуге көмектеседі. Дайындық курстары бес бағыт бойынша жүргізіледі.
Самал Мыңжасарова, психолог:
Адамдардың фокусы «өзіне» кетіп қалған. Проблеманы бірге шешу жоқ. Отбасы болған жерде «мен» емес, «біз» болуы керек. Оны бірге шешу керек. Қазір эгоизм басым деуге болады. Құндылықтары өзгерді. Соған байланысты бірінші жағдайымды жасап алайын, содан кейін отбасын құрамын деп шешеді. Жағдай жасаймын дегенше асықпай 30-ға дейін жүріп қалуы мүмкін.
Өңірде жылына бес мың шамасында неке тіркеледі. Алайда соңғы жылдары отбасын құрушылар саны азая бастағаны байқалады. Сондықтан отбасын жоспарлау курстарын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы