Басты Жаңалықтар Ғалымдардың 48%-ы жастар

Ғалымдардың 48%-ы жастар

Елде ғылымға бет бұрған жастардың қатары артып келеді. 2025 жылғы дерек бойынша 28 мыңнан аса ғалым болса, олардың 48 пайызы – жас зерттеушілер. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ендігі міндет – жастарды тек грантпен қамтамасыз ету емес, олардың зерттеу нәтижелерін нақты өндіріске енгізуіне жағдай жасау. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан III халықаралық жас ғалымдар конгресінде айтылды. Шараға  әлемнің 35-тен аса елінен мыңнан аса зерттеуші қатысты. Осы мақсатта 2027 жылдан бастап су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетикалық материалдар мен автомобиль жолдары технологиялары бойынша ірі ғылыми бағдарламаларды іске қосу жоспарланып отыр. Оларға ел ішіндегі және шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық жас ғалымдар да тартылады. Жиында ғылымды қаржыландыру, жаңа технологияларды зерттеуге енгізу және ғылыми жаңалықтарды өндіріске шығару мәселелері талқыланды. Соңғы жеті жылда мемлекет тарапынан жас ғалымдарды қолдау күшейді. Айта кетейік, Конституцияда ғылым мен білімді дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.

Қуаныш Тастамбек, ҰҒА жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

Жас ғалымдарға арналған жеке гранттар. PhD-ді бітіріп, бірақ қорғамаса қатыса алады. Немесе PhD-ді енді бітіріп үлкен ғылым жолына түскен жас ғалымдарға жақсы мүмкіндік өздеріне арнайы берілетін 30 млн-ға дейінгі гранттық қаржыландыру. Одан бөлек жас ғалымдардың өзіне қорғаудан кейін 90 млн-ға дейінгі гранттық жобалар бар.

Өңірлік ғылымды дамытумен қатар, отандық өнімнің үлесін арттыру да – жас зерттеушілердің басты міндеттерінің бірі. Мәселен ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдар шетелден келетін жеміс-жидек пен көкөністі отандық өніммен алмастыруды көздейді. Зерттеушілердің түпкі мақсаты – қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, оны еліміздің барлық өңіріне жеткізу. Конгресс аясында зерттеушілердің ғылыми әзірлемелері мен инновациялық жобаларының көрмесі де ұйымдастырылды.

Лаура Әжітаева, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жетекші ғылыми қызметкері:

Өзіміздің өнімдерді көбейту арқылы мысалы шетелден келген өнімнен өзіміздің өнімімізді басым ретінде Қазақстанның бүкіл өңірлеріне жеткізгіміз келеді. Өсіргіміз келеді. Шетелдік өнімдерден сапасы жағынан да жоғары. Өнімділігі жағынан да жоғары мысалы үшін. Қанттылығы жағынан.

Бөлісу