ШҚО-да өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары күшейтілді
Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігіне қатысты 9 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Жылыту маусымы басталғалы өңірде 65 өрт тіркеліп, бес адам көз жұмған. Қазір аймақтағы жеке тұрғын үйлерде түтінді бірден анықтайтын дабыл құрылғылары орнатылып жатыр.
Суық түскеннен бері аймақтағы 70 мыңға жуық тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілген. Облыста пешпен жылытылатын 2 мың 758 үй есепке алынған. Көпбалалы ана Назерке Алпысова үйіне түтінді ерте анықтайтын дабыл құрылғы орнатқан. Бұған дейін Риддер қаласында тұрған кезінде баспанасы өртке оранған. Ол кезде үйінде мұндай датчик болмаған. Енді ана балалардың қауіпсіздігі үшін құрылғының көмегіне сенеді.
Назерке Алпысова, қала тұрғыны:
Біз датчикты құрған себебіміз, балаларымның амандығы үшін және датчик адамдарға көп жағдайда көмектеседі. Мен бұл датчикты басқа адамдарға өздері алып қолданып, құруға кеңес беремін.
Өрттің шығуына пештің ақауы ғана емес, жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбау да себеп болады. Сондықтан мамандар тұрғындарға түтін мұржаларының жарамдылығын алдын ала тексеруге кеңес береді.
Дина Бексұлтанова, Өскемен қалалық ТЖБ бас маманы:
Жылыту маусымынан бастап Өскемен қаласы бойынша улы газбен уланудың екі дерегі анықталды. Олар өкінішке орай балалар. Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтілді.
Сондай-ақ бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
Соңғы үш жылда 9 млрд. теңге сомасына 114 бірлік арнайы техника сатып алынды. Ауыл құтқарушысы бағдарламасы бойынша 21 өрт сөндіру пункты ашылды. Жыл аяғына дейін қосымша 16 пункт ашылады.
Бекарыс Секен, тілші:
Үйде қандай да бір түтіннің, улы газдың исі болған жағдайда бұл құрылғы осындай дыбыс береді. Соңғы бес жылда өңірде 17 мыңнан аса датчик орнатылған. Соның арқасында 42 адам аман қалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы