Басты Жаңалықтар Еуропалық сарапшылар Жолдауға үн қосты

Еуропалық сарапшылар Жолдауға үн қосты

Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдары, экономиканы жаңғырту, инвестиция тарту, жасанды интеллект дәуіріне бейімделу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын шетелдік сарапшылар да қызу талқылап жатыр. Еуропалық саясаттанушылар мен халықаралық сарапшылар Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың стратегиялық маңызына тоқталып, Қазақстанның алдағы даму бағытына қатысты пікір білдірді.

Геосаяси ахуал ушығып, шетелдік капитал үшін талас күшейген тұста Қазақстанның инвестиция тартуға, технологияны игеріп, экономиканы әртараптандыруға басымдық беруі құптарлық, дейді Орталық Азия бойынша сарапшы Альберто Тюркстра. Президенттің Жолдауымен жіті танысқан ол жасанды интеллектіні әр салаға енгізу, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру заманның басты талабы екенін айтады.

Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшы:

Мен елдеріңізге бернеше рет сапарладым. Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруға арналған жеке министрліктің болуының өзі бұл бағытқа ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді. Тіпті көптеген бағыт бойынша елдеріңіздің уақыт талабынан озғанын байқадым. Демек, Президент айтқандай, Денсаулық сақтау, білім беру және қоғамның басқа да салалары цифрлық технологиялардың көмегімен жаңа деңгейге көтеріле алады.

Президенттің Жолдауда экологиялық проблемалармен күреске, әсіресе ауызсуды үнемдеуге басымдық беруі қуантарлық, дейді Финляндиядағы су ұйымының жетекшісі. Айтуынша, су тапшылығы өндірістің өсуін тежеп, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.

Арво Нерман, «Finnish water forum» ұйымының жобалар жөніндегі директоры:

Қазақстан – су ресурстары тапшы елдердің бірі. Сондықтан өндіріс орындарында суды тиімді пайдалану, оны қайта өңдеу және мүмкіндігінше қайта айналымға қосу бағытында әлі атқарылатын жұмыс көп. Елдеріңіз су инфрақұрылымын цифрландыру үшін ауқымды жұмыс жасады. Біз Қазақстандық кәсіпорындарда судың тұйық айналым жүйесін қалыптастыруға көмектесіп, қолдау көрсетуді жалғастырамыз. 

Саясаттанушылар шағын және орта кәсіпкерлікті, отандық өнімді қолдау, Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту – Қазақстанның жаңа экономикалық модельге көшуін жеделдететінін айтады. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұлттық жаңғыру бағдарламасы - қазақ елінің әрі қарай да тұрақты, қуатты дамуына серпін берері сөзсіз, дейді шетелдік сарапшылар.

Бөлісу