Троллейбус желісін жаңарту жұмыстары келер жылы аяқталады
Алматыдағы троллейбус тоқ желілерінің 80 пайызға жуығы тозған. Салдарынан байланыс желісі үзіліп, қоғамдық көліктердің жұмысы қиындады. Мәселені шешу үшін жеті жыл бұрын инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталған еді. Жұмыс қалай жүріп жатыр? Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.
Алматы троллейбустары ай сайын 18 млн-ға жуық жолаушыны діттеген жеріне жылдам жеткізеді. Сондықтан мегаполис үшін бұл көлік түрінің маңызы зор. Алайда соңғы жылдары тоқ желілеріндегі ақаулар жиілеген. Мұның түрлі қиындықтар туғызатынын тұрғындар да айтып отыр.
Алматыда ай сайын орта есеппен троллейбустардың байланыс желісі үзілгені туралы 50-ге жуық хабар түседі. Жүргізушілердің айтуынша, бұған қолайсыз ауа райы, құлаған ағаштар мен ірі жүк көліктерінің соғылуы себеп болады.
Ғалым Нұртаев, троллейбус жүргізушісі:
Троллейбустар қазір батареямен жүребереді ғой. Тоқ өшіп қалған жағдайда, кейде үзілген жағдайда, аккумуляторды қосып, аккумулятор арқылы жүріп кете береміз.
Алматыдағы троллейбус желісінің ұзындығы 200 шақырымға жуықтайды. Оның 50 шақырымы осыдан жеті жыл бұрын жаңартыла бастады. Жоба 2021 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда бағыттар мен жол қозғалысы сызбасы өзгеріп, мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды. Енді жауаптылар жұмысты келер жылы аяқтауға уәде беріп отыр.
Ұлан Сұлтанов, «АлматыЭлектротранс» ЖШС басқарма төрағасы:
Райымбек даңғылы бойынша BRT құрылысы басталды. EC Energy Qazaqstan компаниясымен істелінген жұмыстары 50 пайыздан астам. Қалған жобадағы 50 пайыз 2027 жылға қалған, 50 пайызы жоспарлануда.
Сарапшы Нұрбол Қамзановтың пікірінше, троллейбус инфрақұрылымын жаңарту тек ескі сымдарды ауыстырумен шектелмеуі тиіс. Желінің өткізу мүмкіндігі мен өзге қоғамдық көлік түрлерімен байланысы да ескерілуі керек екенін айтады.
Нұрбол Қамзанов, көлік жүйелері мен инфрақұрылымы бойынша сарапшы:
Алматы қаласы экологиялық ахуалды жақсартуға және жол кептелісімен күресуге басымдық беріп отыр. Осы екі мәселенің түйіскен тұсында троллейбустардың маңызы зор. Сондықтан олардың жұмыс тиімділігін арттырып, инфрақұрылымын жаңарту қажет.
Шаһардағы троллейбус желісін электр қуатымен қамтамасыз ететін 18 тартқыш қосалқы станция жұмыс істейді. Келер жылға дейін оның жартысынан астамы жаңартылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы