Басты Жаңалықтар Астанада Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай xалықаралық парламенттік конференция өтті

Астанада Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай xалықаралық парламенттік конференция өтті

«Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі». Осындай тақырыппен xалықаралық парламенттік конференция өтті. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. Шараға Ресей, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ сияқты 15 елдің өкілдері, сарапшылары келді. Олар Қазақстанның жаңғыру моделін сарапқа салды.

Қазақстан ширек ғасырда төрткүл дүниеге түгелдей танылды. Өз орны, ұстанған бағыты, жеткен жетістіктері бар. Нәтижесінде экономика өрлеп, тұрмыс түзелді. Тәуелсіздік жылдары экономикамыз 20 есе өсті. 1990 жылдары мүлдем ештеңе экспорттамайтынбыз, ал, бүгін әлемнің 119 еліне 2 мыңнан астам тауар шығарамыз. Елде жыл сайын 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Тамаш Шнейдер, Мажарстан мемлекеттік жиналысы төрағасының орынбасары:

- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен өңірлерде де болдым. Маған xалықтың көңіл-күйі мен ертеңге деген сенімі ұнайды. Бұл – әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Кеңес Одағы ыдыраған тұста xалықты біріктіріп, осы жылдар ішінде елді ғана емес, xалықтың санасын жаңғыртудағы еңбегін бүгінде әлемдік қауымдастық танып, біліп, қолдап та отыр.

Қазақстан бейбітшілікті қалайды. Яғни, терроризм мен экстремизмнің жауы. Мемлекетіміз жас болса да, жауласып жаға жыртысқандарды елдестіруде елеулі істер атқарды.

Халюк Ипек, Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан зор беделге ие болды. Жеті жыл бойы тоқтамаған Сириядағы қақтығыстарды болдырмауға атсалысып келеді. Астана келіссөздері Сочидегі келіссөздердің өтуіне сеп болды. Сондай-ақ, ол Женева келіссөздерінің өтуіне де көмектесіп отыр. Бұл қақтығыстарды тоқтатуға мүмкіндік береді деп сенемін.

Джамаль әл-Хай, БАӘ Парламенті федералдық ұлттық жиналысының депутаты:

- Бірінші кезекте Сіздердің Президентті бітімгер ретінде қабылдаймын. Ол тек қана Сирия келіссөздеріне қатысты емес. Жалпы, дүние жүзінде тыныштық пен достықты орнату үшін қосқан сүбелі үлесін біз жоғары бағалаймыз.

Көп ұлтты, көп дінді мемлекет алысты алаламайтын, жақынын жараламайтын бағытты ұстанғандықтан, ынтымағы мен бірлігі жарасып отыр. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстандағы барлық реформалардың авторы бір, ол - Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі реформалардың басты идеологы болып саналады. Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары ел экономикасын реформалауға, қоғамның руxани жаңғыруына, ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделін қалыптастыруға, жалпы елдің жаңаруына жол ашты. Жалпы, атқарылған  БҰҰ тұрақты даму мақсаттарымен сәйкес келеді.

Норимаса Шимомура, БҰҰ тұрақты үйлестірушісі:

- Ядролық қаруды таратпау, Ауғанстанға көмек беру, Сирия мәселесін реттеу - мұның барлығы Қазақстанның жетістігі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз өкілі ретінде ортақ іске қосқан қомақты үлесі. Қазақстанның ішкі жұмыстары да қуантады. Мемлекеттік қызметті жетілдіріп, жемқорлықпен күресіп келеді. Цифрлық теxнологияларды дамытып жатыр.

«Жаңғырудың қазақстандық моделін «Назарбаев моделі» деп атаған дұрыс болар еді», - деді Мәжіліс спикері. 25 жылда болған реформалардың нәтижесі мен одан жинақтаған тәжірибеміз соның айқын дәлелі болса керек. Еліңнің танылғаны еңсеңнің көтерілгені. Осы жылы абыроймен ЭКСПО халықаралық көрмесін өткіздік.

Ричард Хэй, Үндістан Республикасы парламенті лок сабханың депутаты:

- Қазақстан Орталық Азия аймағында өз үстемдігін арттырып келеді. Біздің елдің премьер министрі «ЭКСПО-2017»-нің ашылу салтанатына қатысты. Әлем көз тіккен шараға мол адам жиналды, өте жоғары деңгейде өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіргім келеді.

Қазақстан ірі, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі. Көрші елдермен алыс-беріс, барыс-келіс мәселесі де жақсы жолға қойылған.

Сергей Неверов, РФ федералды жиналысы мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары:

- Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге дәл осы қазақ жерінде қол қойылды. Интеграциялық ұйым өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан, екі ел өз қауіпсіздігін, жалпы әлем қауіпсіздігін нығайту жолындағы жұмысын жалғастыра беруі керек. Себебі, жақында ғана 100-ден астам елдің кибершабуылға тап болғанын көрдік. Бұл – біздің қоғам алдындағы жаңа қатер және бұл жолда бірігіп күресуіміз керек.

Еліміз 1 қаңтардан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Бұл мәртебе әрине, жас мемлекеттің жаһан жұртшылығының алдында беделінің жоғары екенін көрсетеді.

Ариэль Коэн, Жаһандық қауіпсіздікті саралау институтының энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры:

- Нұрсұлтан Назарбаев тек ішкі емес, сыртқы саясатты дұрыс ұстана біледі. Қазақстан өзі үшін дұрыс бағытты, тек қана дұрыс саясатты таңдады. Бұл сіздердің елдің Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүшелігінде де айқан көрініс тапты.

Парламенттік конференция екі сессиядан тұрады. Оның бірі инновация, цифрландыру, «жасыл» экономика тақырыбында болса, екіншісі қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған. Шетелдік меймандардың қатысуымен осындай халықаралық шараны өткізу игі шараға айналған. Өйткені, еңсесі биік ел қашан да Елбасының еңбегін бағалайды.

 

Индира БЕГАЙДАР

 

Бөлісу