Үйірмелерге цифрлық бақылау күшейеді
Елордада қосымша білім беру мекемелеріндегі цифрлық бақылау күшейіп келеді. Енді үйірмеге баланың келуі Face ID арқылы тіркеледі. Осылайша қазынадан бөлінген қаржының дұрыс жұмсалып жатқанын қадағалауға мүмкіндік бар. Жаңа жүйенің жай-жапсарын тілшіміз зерделеп көрді.
Енді ебін тауып екі асап бюджеттің бүйірінен басып қалуға тырысатындардың жолы кесілмек. Көпшілікке белгілі біршама қосымша білім беру мекемелеріне оқушылар қағаз жүзінде ғана қатысады. Жан басына шаққандағы ақшаны алу үшін үйірмелердің кейбірі құжат бойынша бала санын көп қып көрсеткені анықталған.
Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігі балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
Балалардың сабаққа қатысуын жекелей қадағалау қажет. Тіпті Басқа өңірден тіркелген фактілерде болған. Бұл осы мемлекеттік қаржыландырудың әрбір балаға толық жетуін қамтамасыз етеді.
Адамның түр-әлпетін тіркейтін технология біртіндеп енгізіліп жатыр. Былтырдан бері бұл жүйеге елдің 6 аймағы мен Астанадағы қосымша білім беретін екі мекеме қосылған. Енді әр сабақтың есебі нақты дерекпен расталмақ. Жаңа құрылғының қосылғанын ата-аналарда құптап отыр.
Меруерт Әлімқожа, қала тұрғыны:
Face ID-дың басты артықшылығы деп бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін айтар едім. Ата-ана үшін ең маңыздысы баланың бақылауда болғаны. Осы құрылғының арқасында оқушылар отырған мекемеге бөгде адамдардың кіре алмайтыны қуантады.
Енді осы үйірмелерге балалардың нақты келіп жүргені қадағаланады. Себебі мемлекет үйірме мен спорт секцияларының ақысын өтейді. Тіпті қажетті ғимаратты да салып береді. Ал қызмет көрсетуші ұйымға төлем баланың сабаққа қатысуына қарай жүргізіледі. Сондықтан бақылауды күшейту керек, - дейді заңгер.
Айгүл Орынбек, заңгер:
Егер ата-ана баласының үйірмеге барып жүргеніне нақты сенімді болса, Face ID-ден қашпауы керек. Барсын, жіберсін, үйірмеден Face ID арқылы өтсін. Қарсы болып жатқандар – мемлекеттің қаражатын заңсыз алып, игеріп отырған азаматтар. Егер өз кәсібіне, өз ісіне сенімді кәсіпкерлер болса, бұдан қашпауы керек.
Қалалық әкімдік жыл соңына дейін 600 ұйымды электронды бақылауға көшіріп, 40 мыңнан астам баланы жүйеге тіркемек. Себебі бюджет қаржысы біреудің олжасы емес, елдің ортақ қазынасы. Оның әр тиыны баланың білімі мен болашағына қызмет етуі керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы