Астанада тәулігіне 900 науқасты қабылдайтын медициналық кешен ашылады
Астанада шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған екі ірі жоба аяқталуға жақын. Елордадағы №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан жаңа қабылдау-диагностикалық кешен салынып жатыр. Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы кеңейтіліп, шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған қосымша бөлімдер ашылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауруханалардың науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі артады. Жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін жақсартып, емдеу процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
№2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан салынып жатқан қабылдау-диагностикалық кешен медициналық мекеменің екі корпусын бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Мұнда науқастарды қабылдау, тексеру және шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстары бір орталықтан үйлестіріледі.
Кешенде заманауи операциялық бөлмелер, реанимация бөлімі, қарқынды терапия палаталары, сондай-ақ шұғыл диагностика мен емдеуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Медициналық мекеме жоғары технологиялы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, мұнда компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараттары және қан тамырларын зерттеуге арналған ангиограф орнатылады.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – бірыңғай қабылдау бөлімінің ашылуы. Мұнда науқастар денсаулық жағдайының ауырлығына қарай сұрыпталып, тиісті бөлімдерге жіберіледі.
Бұл тәсіл шұғыл көмекті бірінші кезекте қажет ететін науқастарды дер кезінде анықтауға, дәрігерлердің жұмысын тиімді үйлестіруге және диагностикалық тексерулерді жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа қабылдау-диагностикалық кешен тәулігіне 900-ге жуық науқасты қабылдауға есептелген. Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Елордада жүзеге асырылып жатқан екінші жоба балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуға бағытталған.
Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жапсарлас жаңа ғимарат салынып, қолданыстағы нысан реконструкцияланып жатыр.
Жоба аясында аурухананың аумағы кеңейтіліп, балаларды қабылдау, диагностикалау және шұғыл емдеу үшін қосымша бөлмелер ашылады.
Әсіресе балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсететін бөлімдердің жұмысын жетілдіруге басымдық берілген.
Қайта жаңғырту барысында науқастарды қабылдауға және олардың жағдайы мен шағымдарының сипатына қарай медициналық сұрыптау жүргізуге арналған қосымша орындар қарастырылған.
Бұл балалардың жағдайын жедел бағалауға, қажетті тексерулерді ұйымдастыруға және оларды тиісті мамандарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа ғимаратта балалар мен олардың ата-аналарына, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау көзделген.
Ересектерге арналған қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы мен балалар ауруханасын кеңейту жұмыстары Астананың медициналық инфрақұрылымын жаңғырту аясында жүргізіліп жатыр.
Аталған жобалар іске асқаннан кейін медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, шұғыл көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл елорда тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы