«Қауіпсіз қала»: жастар үш күнде 100-ден астам заңбұзушылықты анықтады
«Әділет» партиясының жастар қанаты еліміз бойынша ұйымдастырған «Қауіпсіз қала» акциясы барысында қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін 100-ден астам заңбұзушылық пен олқылықты анықтады. Үш күнге созылған бастамаға 2 мыңға жуық жас белсенді қатысты.
Президент Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған акция Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтыды. Жастармен бірге жергілікті полиция, төтенше жағдайлар департаменттері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері қоғамдық орындардағы қауіпсіздік жағдайын тексерді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Акция барысында қақпағы ашық қалған құдықтар, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін басқа да мәселелер анықталды. Қауіпті нысандар туралы мәліметтер тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты мекемелерге жолданды.
Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген бірлескен рейдтер нәтижесінде 30-дан астам ашық құдықтың қақпағы жабылды.
Көкшетауда жастар бұған дейін анықталған қауіпті нысандардың жағдайын қайта тексерді. «Әділет» партиясы жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының консультанты Маржан Мускинаның айтуынша, мұндай жұмыстар тұрақты бақылауды қажет етеді.
«Беті ашық қалған құдықтардың қақпағын жабу мәселесіне бейжай қарамай, оны шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұған дейінгі рейд барысында 15-ке жуық түйткілді құдық анықталды. Жауапты мекемелер оның бәрін жапқанын мәлімдеді. Кезекті аралау барысында аталған мекенжайларға қайта барып, құдық қақпақтарының жабылғанына көз жеткіздік», – деді Маржан Мускина.
Ашық құдықтардың тұрғындар, әсіресе балалар үшін қауіпті екені бұған дейін депутаттық деңгейде де көтерілген. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсадық Ергешбектің депутаттық сауалында келтірілген мәліметке сәйкес, биыл балалардың ашық құдықтарға құлауына байланысты жеті қайғылы оқиға тіркелген. Ал алғашқы тоғыз айда осыған қатысты 276 әкімшілік іс қозғалған.
Осыған байланысты депутат мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді және мұндай нысандарды қауіпсіз пайдалануға қатысты бірыңғай қатаң талаптар енгізуді ұсынған.
«Қауіпсіз қала» акциясында теміржол маңындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Қызылордада көлік полициясының аға инспекторы, полиция капитаны Серік Асанов жас белсенділермен бірге тұрғындарға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
«Теміржолдағы қауіпсіздік – басты назарымыздағы мәселелердің бірі. Жастармен бірлескен түсіндіру жұмыстары жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыруға да ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді Серік Асанов.
Бұдан бөлек, акция қатысушылары көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде ақпарат берді.
Жастар төтенше жағдайлар мен коммуналдық мәселелер туындағанда хабарласуға болатын қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген жадынамалар таратты. Оның ішінде 109 – iKomek бірыңғай байланыс орталығы туралы да мәлімет ұсынылды.
«Әділет» партиясы жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың емес, әр азаматтың да жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Қауіпсіз әрі жайлы қала қалыптастыру үшін қоғам мүшелерінің белсенділігі, өзара құрметі және ортақ іске деген жанашырлығы маңызды. Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да қоғамның тұрақты дамуы үшін тәртіп, жауапкершілік және сындарлы азаматтық ұстанымның маңызы ерекше атап өтілді. Осы ретте Жастар қанаты қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдап, нақты істер арқылы өз үлесін қосуды жалғастырады», – деді Ержан Хамитов.
Партия өкілдерінің мәліметінше, «Қауіпсіз қала» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Алдағы уақытта да жастар қоғамдық орындардағы қауіпті нысандарды анықтауға, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және тиісті мекемелермен бірлесіп, анықталған мәселелердің шешілуін бақылауға қатыспақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы