Басты Жаңалықтар Қазақстанда жол сапасына қатысты 1173 шағым түскен: партиялық бақылау күшейтіледі

Қазақстанда жол сапасына қатысты 1173 шағым түскен: партиялық бақылау күшейтіледі

Қазақстанда жол сапасына қатысты 1173 шағым түскен: партиялық бақылау күшейтіледі

Соңғы үш айда «Әділет» партиясына тұрғындардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 1173-і жолдардың жай-күйіне қатысты. Жол инфрақұрылымы мәселесі еліміздің 14 өңірінде ең өзекті тақырыптардың біріне айналған. Бұл деректер «Әділет» партиясы Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында жарияланды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Сайлаудан кейін де тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін қарау жұмысы жалғасып жатыр. Осы мақсатта партияда Adilet.365 цифрлық платформасы мен 1490 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл арналар арқылы қала тұрғындарымен қатар, шалғай ауылдардағы азаматтар да өз өңіріндегі мәселелерді жеткізе алады.

Келіп түскен өтініштер талданып, ең өзекті мәселелер Құрылтай депутаттары мен жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен қаралады.

Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында жолдардың сапасы мен жөндеу жұмыстарының барысына басымдық берілді. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарының тұрғындары көтерген мәселелер талқыланды.

Азаматтар негізінен жол жабынының бүлінуіне, жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына, шалғай елді мекендерде сапалы жолдардың болмауына және жаңадан салынған жолдардың мерзімінен бұрын тозуына шағымданған.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Құрылтай депутаты Марат Қожаев жол инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттермен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жүзеге асырылатын жобаларда жұмыстың сапасын, белгіленген мерзімдердің сақталуын және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау маңызды.

«Әділет» партиясы азаматтардың әрбір өтінішіне жіті назар аударады. Көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына қол жеткізу – біз үшін аса маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізе отырып, жолға қатысты жұмыстың сапалы орындалуын, белгіленген мерзімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге күш салу. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, өз құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдау үшін құзыретті құқық қорғау органдарына жүгінуді көздеп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл күш-жігердің барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», – деді Марат Қожаев.

Отырыста бірқатар өңірдегі проблемалық жол учаскелерінің жағдайы жеке қаралды. Олардың қатарында Жетісу облысындағы Арқарлы ауылы маңындағы жол, Атырау – Орал тас жолы, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнына апаратын жол және Қарағанды облысындағы Ақадыр – Мойынты учаскесі бар.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылішілік жолдарды асфальттау және Түркістан облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жөндеу мәселелері талқыланды.

Ұсынылған мәліметке сәйкес, халықаралық дәліздің 22 шақырымы жөнделген. Қалған 34 шақырымдағы жұмысты келесі құрылыс маусымында жүргізу жоспарланып отыр.

Комитеттің жұмыс тобының жетекшісі, Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов жол құрылысы мен жөндеу саласындағы жүйелі кемшіліктерге назар аударды.

Отырыста жарияланған деректерге сәйкес,  зертханалық тексеруден өткен жол материалдары сынамаларының шамамен үштен бірі белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар қабылдап алған 1,5 мыңға жуық жол нысанында кейіннен сапаға қатысты заңбұзушылықтар анықталған.

Мысал ретінде Тараз қаласындағы жағдай келтірілді. Онда жөндеу жұмыстары іс жүзінде басталмаса да, қол қойылған актілер негізінде 250 миллион теңгеден астам қаражат төленгені айтылды.

Комитет мүшелері мұндай жағдайлар мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсететінін атап өтті.

Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігі мен автожолдардың қысқы маусымға дайындығы да қаралды.

Келтірілген мәліметтерге сәйкес, әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы жол инфрақұрылымындағы кемшіліктермен байланысты. Сонымен қатар қар басу қаупі бар жол учаскелерінің шамамен 10 пайызы ғана қар тоқтататын қоршаулармен жабдықталған.

Қатысушылар бұл мәселелердің қыс мезгілінде көлік қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететінін айтып, жолдарды күтіп-ұстау және қауіпті учаскелерді жабдықтау жұмыстарын күшейту қажеттігін көтерді.

Отырысқа қатысқан мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қаралған нысандардағы жұмыстардың қазіргі жағдайы, жөндеу мерзімдерінің кешігу себептері және анықталған кемшіліктерді жою жоспарлары туралы есеп берді.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, Көкшетау – Петропавл жол учаскесінің құрылысын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.

Сондай-ақ еліміздегі 37 автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жалғасуда. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев жолдардың нақты жағдайын құжаттар арқылы ғана емес, тікелей жергілікті жерге барып тексеру маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Партиялық бақылау комитеті проблемалық учаскелерге мониторинг жүргізіп, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп анықталған кемшіліктердің жойылуын бақылауды жоспарлап отыр.

«Біз «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатына сүйенеміз. «Халықтық құрылыс» және «Таза Қазақстан» жобалары аясында Комитет проблемалық нысандарға мониторинг жүргізіп, тұрғындардың өтініштеріне тікелей жергілікті жерлерде ден қоюды және анықталған кемшіліктердің жойылуын бақылауды көздеп отыр», – деді Ержан Жылқыбаев.

Отырыс қорытындысында Партиялық бақылау комитеті проблемалық жол нысандарына мониторинг жүргізуді жалғастыру, мемлекеттік аудит анықтаған заңбұзушылықтардың жойылуын және мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелерін орындауын бақылау жөніндегі қаулы жобасын негізге алды.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жол жиегіндегі орман алқаптарын күтіп-ұстау мәселесін қаулы жобасына енгізу ұсынысы қолдау тапты.

Партия өкілдерінің мәліметінше, тұрғындардан келіп түсетін өтініштер алдағы уақытта

Бөлісу