Астанада «Бірге оқиық» әдеби акциясы өтті
Бүгін Астанада Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Бірге оқиық» әдеби акциясы өтті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері ұлы ағартушының шығармаларын бір мезгілде дауыстап оқыды. Шараға өзге өңірлерден де жас өрендер онлайн қосылды.
«Бір мезгілде. Бір мақсатта. Бірге оқимыз!» Осындай ұранмен елорда оқушылары Ыбырай Алтынсариннің 3 шығармасын біз мезетте оқып, талдады. Атап айтқанда «Таза бұлақ» , «Бай баласы мен жарлы баласы» және «Қыпшақ Сейітқұл» туындылары арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, тәрбиелік мәнін жоғалтқан емес.
Нұрсәулет Төлеген, колледж студенті:
Мен «Кітап оқитын ұлт» іс-шарасына қатысып жатырмын. Бұл марафонда 4 кітап оқыдым. Бұған дейін көп кітап оқымадым. Осы марафонға қатысып, мен кітап оқудың не екенін түсіндім. Ы.Алтынсариннің кітаптары өте жақсы, білімге жетелейді. Барлықтарыңызды кітап оқуға шақырамын.
Әдеби акцияның негізгі алаңы – Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі. Осы жерден тікелей көрсетілім ұйымдастырылып, оған өзге білім беру ұйымдары да қосылды. Нақтырақ айтсақ Қазақстан түкпір-түкпірінен 186 мыңнан астам адам онлайн қатысты, оның 25 мыңы Астаналықтар екен.
Жақсыбай Боранбаев, қалалық «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің басшысы:
Гиннес рекорд кітабында Индияда Эрит деген бір қаласы бар екен. Сол жерде бір уақытта 206 мыңдай азамат кітап оқыған екен. Енді біздің жоспарымыз – сол рекордты жаңарту. Бүгінгі таңда қазір эфирді қарайтын болсақ, 90 мың адамдай күтіп отыр. Енді үмітіміз бар, 300-400 мың, бәріміз осы бірдей Ыбырай Алтынсарин атамыздың шығармаларын насихаттап, кітапты оқытсақ, мүмкін Гиннес рекордтар кітабына да кірерміз деген үмітіміз бар.
«Бірге оқиық» акциясы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Марафон 6 айға созылады. Осы уақыт ішінде жастар, әсіресе мектеп оқушылары тұрақты түрде кітап оқуды әдетке айналдырса, жобаның нәтижелі болғаны.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы