Елімізде 20 инклюзивті мектеп ашылады
Елімізде инклюзивті білім беруге арналған жиырма жаңа мектеп ашылады. Ол орталықтарда балалар білім алып қана қоймай денсаулығын жақсартып, қоғамға бейімделу кезеңінен өтеді. Әр білім ошағында аз дегенде мың оқушы оқиды. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге аспақ.
Қазір ел бойынша арнайы оқу-сауықтыруға мұқтаж 237 мыңнан астам бала бар. Оның 90 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық курстардан өтіп жүр. Мамандардың айтуынша соңғы жылдары инклюзивті білім беруді қажет ететін балалардың саны едәуір артқан. Өскемендік Насима Усманова ұлының ерекше екенін балабақшаға барған кезде бірақ білген. Содан бері үздіксіз оңалту шараларына қатысады.
Насима Усманова, Өскемен қаласының тұрғыны:
Баламның денсаулығындағы ауытқуларды байқағаннан кейін біз арнайы осы мектепке баланы бердік. Көп болмасада жетістіктер жетіп жатыр. Жазуды үйренді, есепті жақсы шығарады. Бұл да менің балам үшін үлкен жетістік. Баланың әр қадамына қуанып отырамыз.
Дегенмен бұл салада маман тапшы. Тек шығыстағы арнайы білім беру мекемелерінде 77 педагог жетіспейді. Әсіресе дефектолог мамандарына сұраныс жоғары. Кадр мәселесін шешу үшін республика бойынша инклюзивті білім беру саласына мамандар даярлауға жыл сайын 800 грант бөлінеді.
Жансая Манарбекова, арнайы педагог:
Соңғы уақытта инклюзивті қолдау кабинетіне келетін балалардың саны жыл сайын артып келе жатыр. 2019 жылы он оқушы болса, қазір 44 құрап отыр. Яғни, бұл балалармен жұмыс істеу барысында әртүрлі жағдайлар кезігеді. Бірақ та соның бәріне мойымай жыл сайын 2 баладан нормативті балалар қатарына ауыстырып жатырмыз
Қазір елімізде ерекше балаларға арналған 540 арнайы ұйым бар. Оның ішінде 100 арнайы мектеп, 49 балабақша, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және 220 түзету кабинеті жұмыс істейді.
Қуат Оқасов, ШҚО білім басқармасының басшысы:
Облысымызда бірқатар жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 320 орындық ерекше балаларға арналған балабақша салу. Келесі жылы нәтижесін тауып салынады.
Инклюзивті білім берудің сапасын арттыру арнайы мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан биыл 500 педагог осы бағытта біліктілігін арттырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы