Басты Жаңалықтар Балалар үйірмесіне Face ID енгізілді

Балалар үйірмесіне Face ID енгізілді

Балалар үйірмесіне Face ID енгізілді. Елордада былтырдан бері QOSYMSHA.KZ бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында балалар шығармашылық үйірмелерге, түрлі студиялар мен спорт секцияларына мемлекет есебінен тегін қатыса алады. Алайда мұндай сабақтардың ақысы бюджеттен төленетіндіктен, баланың оған нақты қатысқанын растау маңызды. Осы мақсатта QR-код пен Face ID жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл технология бала сабаққа келмесе оны құжат жүзінде қатысты деп көрсетуге мүмкіндік бермейді деп түсіндірді білім басқармасының мамандары, Яғни, әр балаға жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді пайдалану көзделген.

Дидар Байтасов, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

Бұл жүйені іске асырмастан бұрын екі жекеменшік мекемеге орнатып көрдік. Ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Қазір бұл жүйе екі мекемеде толыққанды жұмыс жасап тұр. Ендігі мақсат – бұл жүйені барлық қосымша білім беру ұйымдарына апробация жасап көру.

Әзірге жаңа жүйе Астанадағы екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында ғана сынақтан өтіп жатыр. Білім басқармасы жабдықтардың тегін берілгенін, оларды сатып алуға қала бюджетінен ақша жұмсалмағанын мәлімдеді. Ал жаңа жүйеге қатысты ата-аналар да оң пікір білдіріп отыр.

Меруерт Әлімқожа, ата-ана:

Бұл қосымша бала қауіпсіздігі үшін де өте маңызды. Қай жерде де болмасын тәртіп керек. Сондықтан бұл жаңа жүйеге оң көзқарастамын.

Бөлісу