Басты Жаңалықтар Көкшетау мен Қызылорда алып құрылыс алаңына айналды

Көкшетау мен Қызылорда алып құрылыс алаңына айналды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық» ауқымды құрылыс жылы» деп жариялағаны мәлім. Көкшетау мен Қызылорда қаласы қазірдің өзінде ең ірі құрылыс алаңына айналды. Өңірдегі қарқынды жұмыс барысын баяндау үшін алдымен әріптесіміз Бибінұр Әмірханқызы байланысқа шығып отырмыз.  Бибінұр, қалада жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалармен таныстырып өтсеңіз.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Жақсы, Ернұр. Шаһарда соңғы уақытта бірқатар ірі инфрақұрылымдық, өндірістік және әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Мәселен, бүгінде қуаттылығы 240 Мегаваттық заманауи жылу-электр орталығының құрылысы қызу. Станцияны толықтай 2029 жылы аяқтау көзделгенімен, алғашқы жылу қуатын 2028 жылы «Сарыарқа» шағын ауданына беру жоспарланып отыр. Әлеуметтік және спорттық бағытта да серпінді өзгерістер бар. Қалада УЕФА стандарттарына сай келетін, 10 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы бой көтеріп келеді. Тұрғын үй секторында да өсім жоғары. Биыл қалада 200 мың шаршы метрден астам көпқабатты баспананы пайдалануға беру көзделген. Ал өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында «Kokshe Industry» индустриялық аймағында 40-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оған 1,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Қазірде жылына 60 миллион дана өнім шығаратын жаңа кірпіш зауыты мен майлы дақылдарды өңдеу кешенінің құрылыстары жүріп жатыр. Қопа көлінің жағалауын кеңейту және «Көкшетау» экопаркін салу жұмыстары да жоспарлы атқарылуда.

Ал Сыр өңіріндегі құрылыс қарқынын әріптесім Әділбек Серікұлы айтып берсін.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Рақмет, Бибінұр. Қызылордада бой көтеріп жатқан нысандар жетерлік. Шаһар келбеті уақыт өткен сайын адам танымастай өзгеріп жатыр. Соның бір дәлелі біз тұрған Президент саябағының аумағы қазір ауқымды құрылыс алаңына айналды. Биыл ботаникалық бақ, балалар лагері салынып ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананың іргетасы қаланып жатыр. Сондай-ақ, 200 орындық ана мен бала орталығының құрылысы басталды. Бұл байыпты бастамалардың барлығы мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатыр. Дәл қазір қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов менің жанымда.

- Басқа да атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтсаңыз? 

Арнұр Нұрмағанбетов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Яғни келешекте Президент саябағының аумағы қаланың ішіндегі заманауи қалашыққа айналады. Әлеуметтік-мәдени, медициналық нысандардан бөлек Сырдың жағалауынан әлемге танылған «Rixos» 5 жұлдызды қонақ үйі бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ, 9 қабаттан тұратын 15 тұрғын үй кешені салынып, жаңа баспаналар жыл соңына дейін тұрғындарға табысталмақ. Қызылордадағы құрылыс қарқыны осындай.

Б.Әмірханқызы, Ә.Серікұлы

Бөлісу