Басты Жаңалықтар Халықтық құрылыс: Қандай нысандар салынады?

Халықтық құрылыс: Қандай нысандар салынады?

Шынымен, бұл Жолдау бұрынғы Жолдаудан өзгеше. Ең бастысы – ендігі жылдан бастап ел аумағы алып құрылыс алаңына айналады. Бір мектеп мыңдаған баланың көкірек көзін ашады. Бір перзентхананың шапағаты жүздеген жүкті әйелдің аяқ-қолын жеңілдетеді. Бір аурухананың шипасы тұтас аудан, қала тұрғындарының дертіне қуат.

Әрі құрылыс қарқын алса, өңірлер өркендеп, ел еңсесін тіктейді. Сондықтан бұл жай ғана жаңа ғимараттар тұрғызу емес, елдің әлеуметтік әлеуетіне де әсер ететін стратегиялық жоспар. Оған Ұлттық қордан қомақты қаржы да бөлініп, ақша арнайы құрылатын халықтық комиссияның қадағалауында болады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бір ауылға жаңа мектеп, бір аймаққа жаңа аурухана. Бір қалаға перзентхана, бір өңірге оңалту орталықтары мен спортзалдары. Келесі жылы тұтас Қазақстан алып құрылыс алаңына айналады. Өйткені осыған дейін кейбір аймақта балалардың спортпен айналысуына, шығармашылықтарын шыңдауға мүмкіндік аз болды. Президент енді осы бағыттағы инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.

Үкімет жыл соңына дейін жобалардың нақты тізімін түзеді. Барлық аймақ түгел қамтылады.

Алғашында 70 денсаулық сақтау нысаны, 50 білім беру, спорт және мәдениет ошақтары салынады.

Құрылысқа құйылатын қаржы – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған инвестиция.

Дінмұхаммед Ғали, экономист:

Қазақстанда құрылысқа қомақты бюджеттен ақша салу, ол тәжірибесі бар. Соның ішінде алғашқы мысал – Астананы салуы. Ол кезінде бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс саласы және металл саласы бойынша үлкен серпіліс берді.

Яғни, әлеуметтік құрылысқа құйылған ақшаның қайтарымы жаңа ғимараттармен ғана өлшенбейді. Бұл – тұтас экономикалық жүйе. Өйткені жаңа жобалар жұмысшыларға, инженерлерге, жобалаушыларға, құрылыс материалдарын өндірушілер мен жеткізушілерге сұранысты арттырады.

Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:

Тапсырыс келіп түскеннен кейін бірнеше компаниялар жұмыс істей бастайды. Оның ішінде отандық құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар, отандық жиһаз бар ішінде.

Қомақты қаржы құрылыс материалдарының қымбаттауына әсер етуі мүмкін деген қорқыныш та жоқ емес. Бірақ экономистер бұл жолы олай болмауы тиіс, – дейді. Себебі бұрын құрылыс саласы импортқа зәру болса, қазір қажетті тауардың көбі елде шығарылады.

Дінмұхаммед Ғали, экономист:

Отандық, қазақстандық шығарылған құрылыс материалдары 70 пайыз. Қалған 30 пайыз, ол импорттан алып келеді.

Сырттан негізінен тұсқағаз, линолеум, лифт және кафельдер әкелінеді. Бірақ қазір оларды өзімізде өндіріп, әлеуметтік нысандар салғанда отандық өнімдерді қолдануға басымдық беріліп отыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауданындағы мына жаңа аурухана құрылысына қолданылып жатқан материалдардың 95 пайызы Қазақстанда өндірілген.

Басқа нысандарда да отандық өнімдердің көп болуын үйлестіру Үкіметке жүктелді. Ақшаның да тиімді игерілуін атқарушы билік қадағалайды. Президент ол үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:

Әр облыста, әр қалада, әр ауданда осындай комиссиялар құрылуы керек. Сонда ғана мына халықтық құрылыс дейтін әңгімеміз шын мәнінде халықтық құрылысқа айналады. Сонда ғана жанашырлық пайда болады. Біз тек қана өзіміздің нәпақамыз үшін, өзіміз үшін ғана жасап жүрген жоба емес бұл, бұл шын мәнінде халық үшін керек нәрсе.

Мердігерлер де жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс, – дейді депутат. Өйткені бұл ақша Ұлттық қордан бөлінеді. Ал Ұлттық қор – мемлекеттің басты қазынасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек.

Ұлттық қордан бөлінетін қаржыны қадағалаудың бір жолы – ақшаны цифрлық теңге арқылы беру.

Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:

Бұл ақшаға цифрлы теңге арқылы маркировка енгізуге болады. Менің ойымша, ең дұрысы – Ұлттық қордан келетін ақшаны цифрлы теңге арқылы эмитеттеп беру, сол кезде оны ұрлау мүлде мүмкін болмайды.

Әлеуметтік нысандарға жұмсалған қаржы қайтадан ақша күйінде қайтпайды. Ғимараттың игілігін халық көрсе, оның қайтарымы сол. Сондықтан елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту маңызды.

Оның бір мысалы – Шығыс Қазақстандағы жұмыс. Жақында өңірде бірнеше стратегиялық нысан қатар ашылды. Соның бірі – Өскемен қаласындағы көпсалалы гематологиялық орталық.

Өңірдегі ең маңызды нысан – Алтай, Қатонқарағай, Үлкен Нарын аудандарын жалғайтын Тереңсай шатқалындағы көпір. Бұл – Қазақстанда таулы жерге салынған ең биік әрі бірегей жоба. Соның арқасында енді Қатонқарағайға, Рахман қайнарына баратын жандар серпантин арқылы сергелдеңге түспейді. Бұл өңірдегі туризмнің дамуына да ықпалын тигізеді.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Шығыс Қазақстан облысында 500 шақырым үстінде жолдар қайта жаңғыртудан, орташа және күрделі жөндеуден өтуде. Бұған 53 миллиард теңге үстінде қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде шығыстағы жолдың жақсы жағдайдағы үлесі 95 пайыздан асты.

Соңғы кезде шығыста жалпы инфрақұрылымды жаңғырту қарқынды. Қазір облыс орталығында тағы бір көпір салынып жатыр. Бұл нысанды да шығыстың өз құрылысшылары салмақ.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ең бастысы, қауіпсіздік шаралары сақталатын жол ел игілігіне беріліп отыр. Шығыс қазақстандықтар атынан Мемлекет басшысына ерекше алғысымызды жеткіземіз.

Қарқынды құрылыс халықтық құрылысқа айналғанда, жүздеген мың адам жұмыспен қамтылады. Құрылыстың айналасындағы шағын кәсіптің тамырына қан жүгіреді. Тұтас сала серпін алады. Тек ендігі міндет – мақсат-мұраты айқын бағдарламаның уақтылы әрі баянды болмағын қамтамасыз ету.

Бөлісу