Азаматтық кодекс цифрлық экономика талаптарына сай жаңартылады
Азаматтық кодекс цифрлық экономиканың талаптарына сай қайта қаралады. Бүгін Астанада Құрылтай депутаттары, Әділет министрлігі өкілдері мен құқық саласының сарапшылары осы мәселені талқылау үшін бас қосты. Жиын Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Жаңа құжатта мүліктік құқықтарды қорғау, электрондық мәмілелерді реттеу және цифрлық активтердің құқықтық мәртебесін айқындау мәселелеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын құқықтық реттеу тетіктері қарастырылмақ. Бүгінгі дөңгелек үстел жаңа кодекстің мазмұнын ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеуге арналған алғашқы маңызды алаң болды. Алдағы уақытта түрлі сала мамандарының да пікірі ескеріледі. Құрылтай депутаттарынан құралған жұмыс тобы Үкіметпен, құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесіп, құжаттың әрбір бабы мен бөлімін жан-жақты пысықтайды. Осылайша, бір жыл ішінде заман талабына сай, азаматтар мен бизнестің мүддесін қорғайтын жаңа Азаматтық заңнаманың жобасын әзірлеу көзделіп отыр.
Нұрлан Дулатбеков, ҚР Құрылтайының депутаты:
Азаматтық кодекстің үлкен мәні – ол қоғамдағы барлық қарым-қатынасты реттейді. Сондықтан да мына Конституциядан кейін Азаматтық құқықты мен екінші үлкен басты бағыт деп есептеймін. Мемлекеттің регурятивтік уәзіптерін яғни функцияларын орындау кезінде кодекстің қазіргі күндердің талаптарына сай болуы өте маңызды.
Дәулет Кәрібек, ҚР Құрылтайының депутаты:
Біздің қазіргі қолданыстағы Азаматтық кодекс 90 жылдардың басында қабылданды. Оның біраз елдің Тәуелсіздігін қалыптастырудағы жеке, одан бөлек кәсіптік құқық, азаматтық құқық жағынан негізін салып кетті деп айтуға болады. Бірақ енді қазір заман өзгеріп жатыр, заңдар өзгеріп жатыр. Осы біздің Азаматтық кодекстің де ауысуы бұл - толық заңды әрі уақытында қойылған сұрақ деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы