Жаңа инвестициялық саясат халықаралық бизнес үшін аса маңызды
Президент Жолдауда елге инвестиция тарту мәселесіне де тоқталған еді. Ал шетелдік кәсіпкерлер қазақ экономикасына қомақты қаржы құюға әзір ме? Еуропалық бизнесмендер дәл қазір қандай жобалармен айналысып жатыр?
«Әлемде инвестиция үшін талас күшейген тұста, елге қомақты шетелдік инвестиция тартып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажет». Осыны айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда инвестициялық саясатты жаңа деңгейге көтеруге басымдық бергені ұтымды шешім, дейді бельгиялық кәсіпкер. Марк де Зюттердің компаниясы Батыс Қазақстанда жаңартылатын күн энергиясы жобасын бастады. Бизнесмен жаһандық капитал үшін Қазақстан-сенімді әрі тартымды орталыққа айналғанын айтады.
Марк де Зюттер, 4 E компаниясының бас директоры:
Қазақстан-шетелдік кәсіпкерлер үшін инвестициялық климаты қолайлы елге айналды. Мұны он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып айтып отырмын. Елдеріңізбен алғашқы байланысты сол кезде бастағанбыз. Қазір жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік әлдеқайда мол. Жаңа Президенттеріңіз бельгиялық, еуропалық компаниялармен ынтымақты дамытуға қомақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл бізді Қазақстанға инвестиция салуға ынталандырады.
Бизнес өкілдері Қазақстанның экономиканы әртараптандырып, цифрландыруға басымдық беруін жоғары бағалап отыр. Олардың пайымынша, маңызды құжаттағы бастамалар технологиялық дәуірде елдің стратегиялық дамуын айқындауға септігін тигізбек. Шетелдік қалталылар Қазақстаннан тек шикізат тасып қоймай, өндірісті өңірде дөңгелетіп, жергілікті халықты жұмыспен қамтысақ, дейді. Осы мақсатта неміс кәсіпкерлері Ақтау портында үшмодальды контейнерлік терминал салуға кірісті.
Генрих Керстгенс, «Rhenus Logistics» компаниясының басқару директоры:
Ақтау портында қажетті техникалық жағдайлар жасалды, қазір тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Еуропалық инвесторлар Қазақстан арқылы өтетін Орта дәлізді дамытуға белсенді қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі, бұл бағытқа салынған әрбір еуро өзін ақтайтын инвестиция.
Шетелдік инвесторлар арнайы экономикалық аймақтың тартымдылығын арттыру-қазақ еліне құйылатын инвестицияны еселей түседі деген сенімде. Сондай-ақ кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау-отандық өнімді көбейтіп, импортқа тәуелділіктен арылуға сеп», дейді бизнесмендер. Өздері де қазақ экономикасына қаржы құйып, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің үлесін көбейтуге ниетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы