1,8 млн адамның табысы артады
1 миллион 800 мың адамның табысы артады. Ал әлеуметтік көмек енді шын мұқтаж отбасыларға беріледі. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өседі. Президент Жолдауында мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана беру қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі әлеуметтік қолдау жүйесінде табысы мен тұрмыс жағдайы жеткілікті отбасылар да көмек алады.
Талдықорғандық Мұхит Қалымбек мұрағат бөлімінде жұмыс істейді. Таңғы тоғыздан басталған жұмысы кешкі алты жарымда аяқталады. 25 жастағы маманның осы салада жүргеніне 2 жылдан асқан. Қолына алатын айлығы 85 мың теңге. Енді жалақысы өсетін болды.
Мұхит Қалымбек, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Мен жұмысқа кіргелі бері айлығымыз 85 мың теңге болғанымен, қазіргі таңда азық-түлік бағасы, коммуналдық қызметтер одан бөлек шығындар көп болып тұр. Мемлекет басшысының Жолдауда ең төменгі жалақы көтеру дегені біз үшін үлкен қолдау болып табылады.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Мұхиттың айлығы 110 мың теңге болады. 25 мың теңгеге көп. Біреуге аз көрінуі мүмкін. Бірақ табысы шектеулі азамат үшін әр теңгенің салмағы бар. Ең бастысы, бұл өзгеріс бір ғана Мұхиттың емес, елдегі миллиондаған адамның табысына әсер етеді.
Ербол Данағұлов, ҚР Құрылтайының депутаты:
Осы 110 мың теңгені доллар валютаға шақсақ, 245 доллар болады екен. Өзге мемлекеттерден қарағанда бұл өте жақсы көрсеткіш. Президент өз Жолдауында көп саланы қамтыды. Оның ішінде көптен бері көтеріліп келе жатқан жалақы мәселесі. Қазіргі таңда 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге өсуін халық өте жақсы қабылдады.
Президент Жолдауында әлеуметтік көмек шын мұқтажға берілуі керек дегеннің астары осында жатыр. Себебі әлеуметтік қолдау жүйесінде табысы мен тұрмыс жағдайы жеткілікті отбасылар да көмек алып келген.
Енді бұл бағытқа жаңа талап енгізілмек. 6,2 млн отбасының цифрлық картасы есепке алынған. 20,6 млн азамат туралы мәлімет жинақталған. 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері біріктірілген. Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың табысы, баспанасы, мүлкі, несиесі мен барлық шығыны есепке алынады.
Ал 1 қаңтардан бастап 1 миллион 800 мың адамның табысы 85 мыңнан 110 мыңға өседі. Оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы