Басты Жаңалықтар Отандық «Ерекше» фильмі үш халықаралық жүлдеге ие болды

Отандық «Ерекше» фильмі үш халықаралық жүлдеге ие болды

Отандық «Ерекше» фильмі Мәскеуде өткен халықаралық спорт киносы фестивалінде үш бірдей жүлдеге ие болды. Қазақстандық туынды «Үздік режиссер», «Үздік ер адам рөлі» және «Олимпиадалық құндылықтар» номинациялары бойынша үздік деп танылды. Биыл 24-рет ұйымдастырылған халықаралық фестивальге әлемнің 15 елінен 100-ден астам өтінім түскен.  Оның ішінде көрерменге ұсынылатын 57 жоба іріктелген.

«Ерекше» – Қазақстандағы бочча спорты туралы түсірілген алғашқы отандық көркем фильм. Ол бочча спорт түрімен айналысатын параспортшылардың өмірін баяндайды. Картина көрерменге өмірдің мәні мен адамдық құндылықтарды өзгеше қырынан көрсетеді. Өмірлік қиындықтарға қарамастан, алға ұмтылған жандардың табандылығы мен жігері айқын көрініс табады.

Ерлан Бұхарбаев, Tiger Films компаниясының бас продюсері:

Біз кинофестивальге қатысып, осындай марапаттарға ие боламыз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Біз боччаның не екенін халыққа таныстырып, осы спорт түріне назар аударғымыз келді. Жұмыс барысында паралимпиадашылармен таныстық, боччаның қыр-сырын түсіне бастадық. Ең бастысы - боччамен кімдердің айналысатынын көрдік. Қазақстанның Бочча федерациясының құрамындағы паралимпиада чемпиондары мен спортшылары – нағыз батырлар.

Бочча – қимыл-қозғалысы шектеулі, соның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. Қазақстанның Бочча федерациясы 2021 жылы құрылды. Фильмнің басты идеясы – адамның мүмкіндігін шектейтін жағдайлар емес, оның мақсаты мен өзіне деген сенімі.

Эльмира Мусралиева, Қазақстанның үш дүркін паралимпиада чемпионы, спорт шебері:

«Ерекше» фильм туралы айтқанда, бұл спорт адамдарды өмірге деген көзқарасын жақсылап өзгертеді.  Армансыз, мақсатсыз адам қанатсыз  құстай дейді. Бұл спорт адамды жігерлендіреді. Мүмкін біз бұл киноны көріп, қаншама мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Мүмкін бір чемпионды үйлерінде тәрбиелеп отырған шығар.

Фильмді Tiger Films продюсерлік компаниясы Қазақстанның Бочча федерациясының қолдауымен түсірген. Осындай халықаралық алаңда қазақстандық картинаның үш бірдей марапатқа ие болуы – отандық кино үшін маңызды жетістік.

Бөлісу