Басты Жаңалықтар Абай облысында құрылыс қарқын алды

Абай облысында құрылыс қарқын алды

Абай облысының экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі өткен жылға қарағанда 97,9 млрд теңгеге көбейген. Қомақты қаржы өңірдегі құрылыс қарқынын үдетіп, түрлі саланың өркендеуіне сеп болмақ. Бүгін бұл туралы Президент Жолдауын талқылаған облыс активінің жиынында айтылды. Өңір басшысы инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндіріс ашу, әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыру бойынша тапсырмалар берді.

Соңғы жылдары өңірде құрылыс қарқынды. Жақында ғана ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік-логиистика, әлеуметтік нысандарды салу бойынша 19,2 млрд теңгені құрайтын 12 инвестжоба мақұлданған. Президент Жолдауындағы міндеттер мұндай бастамаларды жандандыра түседі, дейді жиынға қатысушылар.

Мұрат Әлин, Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Әсіресе дәрігерлердің жалақысын 40 процент өсіру. Одан кейін ең аз жалақы 85 мың теңгенің айналасында болса, оны 110 мың теңгеге көтеру – ол бүкіл сала үшін өте маңызды. 70 емхананың салынуы, 50-ден аса мектептер мен спортқа байланысты құрылыс бар.

Думан Орынбеков, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі:

Ауыл шаруашылығын дамуту -  Қазақстан үшін, оның ішінде Абай өңірі үшін әрқашан өзекті. Былтыр Шәкірім университетінің жанынан қой шаруашылығының селекциясының үлкен орталығы ашылды. Бұл жалпы біздегі осы өңірдегі жаңа селекцияның, жаңа тұқымын алуға үлкен мүмкіндік береді. Ол қазір өз нәтижесін беріп те жатыр.

Қазір облыста жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде шығармашылық орталық, медиа орталық, дене шынықтыру-сауықтыру мен инклюзивті спорт кешені, үстел теннисі орталығы, Жекпе-жек сарайы және Достық үйі бой көтеруде.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Өңірімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында Президент өзі атап өткен «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы жаңа төрт жолақты көпір, сондай-ақ Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауыты мен ет өңдеу кешені секілді өндірістік жобалар бар.

Жиында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері де талқыланды. Облыс әкімі барлық бастаманың уақытылы әрі сапалы орындалуын, халыққа нақты пайда әкелуін бақылауда ұстауды тапсырды.

Бөлісу