Басты Жаңалықтар Өскеменде жол айрығының құрылысы аяқталуға жақын

Өскеменде жол айрығының құрылысы аяқталуға жақын

Өскеменде салынып жатқан жол айрығы жақында пайдалануға беріледі. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды байланыстыратын бұл стратегиялақ нысан ерекше логистикалық маңызға ие. Бүгін құрылыс барысымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Жоба толық іске қосылса, жолайрық арқылы тәулігіне 193 мыңға жуық көлік кептеліссіз қатынайды.

Мемлекет басшысы Жолдауда инфрақұрылымды дамыту мен көлік қатынасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы бағытта шығыста ауқымды жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі - Өскемендегі бес жолдың түйісіндегі жолайрық. Қазір тек Өскеменнің өзінде 400 мыңға жуық тұрғын бар. Ал тіркелген көлік саны 133 мыңнан асады. Сондықтан таңертең, кешке кептелістен көліктер керуені түзіледі. Жаңа жол айрық ашылса, көлік қозғалысы жеңілдейді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Еуропадан осы аптаның ішінде қосымша құрылғылар келеді. Соларды орнатып, келесі аптада Қаныш Сәтбаев даңғылын ашамыз. Ал содан кейін он күн көлемінде Есенберлин көшесінің жол кептелісінің алдын алу бойынша жолды ашуды ойластырып отырмыз.

Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Нысандағы жұмыс барысын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы тексеріп, жауапты мамандарға сапаны қатаң бақылауды тапсырды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Ең негізі мақсат - тездетіп аяқтаңыздар. Сапалы болсын. Сапасына қатты көңіл бөліңіздер. Қазір Мемлекет басшысы да сапа мәселесін айтып жатыр. Әсіресе, жолдардың сапасы. Бұған көпірлерде кіреді. Көп қаражат бөлінді. Құрылысына 36 миллиард теңге өте үлкен қаражат.

Жол айрығының құрылысы 2027 жылы толық аяқталады деген болжам бар. Қазір негізгі жұмыс атқарылып көктемге дейін нысан маңы абаттандырылмақ.

Бөлісу