Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы дамыту тетігі
Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тірегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту – әлеуетті экономиканың басты шарты екенін атап өтті. Қазір бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жуықтады. Тек ендігі міндет – шағын кәсіптің орта бизнеске өтуіне екпін беру. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес.
Мысалы, астаналық кәсіпкер Азамат Бұхарбай осыдан жеті жыл бұрын отбасымен үйінің бір бұрышында ғана термосөмке тігіп, кәсіп бастаған. Пандемия кезінде ісі өрге домалап, тапсырыс көбейіпті. Бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айына мыңнан аса өнім шығарады. Осыдан бір ай бұрын мемлекеттен 110 млн теңге субсидияға қол жеткізіп, кәсібін жаңа әрі кең ғимаратқа көшірген.
Азамат Бұхарбай, кәсіпкер:
Осы «Дамудың» арқасында субсидия алып, өзім цех сатып алып, бүгін ғана көшіп жатырмыз. Жалдап жүргенде осы 5-6 жылдың ішінде 7-8 орын ауыстырдым. Енді дамып келе жатқанда көтеріп жібереді, сатып жібереді, көшіп отыру керек болды. Сосын қымбат жабдық алмадым. Енді ай сайын 1 млн 300 теңге далаға кетпейді, өзімде қалатын болады.
«Даму» қоры – кәсіпкерлерді қаржылай демеудің негізгі тетігі. Азаматтарға жеңілдетілген несие, субсидия беріліп, 2 кепілдік қордан қаржы бөлінеді. Алғашқысы 7 миллиард теңгеге дейінгі жобалар үшін. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында-ақ 2 мыңнан астам бастамаға қолдау көрсетілген. Ал екіншісі 7 миллиард теңгеден басталатын ірі инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған. 2019 жылдан бері 228 мыңнан астам жоба қамтылды. Осындай мемлекеттік жобалардың арқасында соңғы жеті жылда еліміздегі шағын және орта кәсіп саны бір жарым есеге өскен. Былтыр бұл сектордың экономикадағы үлесі 39,5 пайызға жетіп, барлығы 4,5 миллион адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал өндірілген өнім көлемі 96 триллион теңгеге жеткен. Ендігі мақсат - елдегі өндіріс өрісін кеңейтіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыру.
Саламат Оңалбек, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары:
Бұдан басқа министрліктің басымдық беріп отқан мәселесі – бұл кәсіпкерлікті тек үлкен қалаларда емес, ауылды елді мекендерде және шағын қалаларда дамыту. Осыған орай осы жылдың басынан бастап «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда 647 доба 42,5 млрд теңгеге қолдау тапты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы