Жолдау-2026: Инвестиция тарту жүйесі жетілдіріледі
Қазақстанға британдық инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Алайда қаржы құюға ниетті компанияларға қолайлы нарықпен қатар, сенімді серіктестік пен нақты кепілдік қажет. Президент те Жолдауда инвестиция тарту жүйесіндегі олқылықтарды атап, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруді тапсырды. Ендеше елге ақша саламын дегендердің көңілінде күдік қалмас үшін нақты не өзгеруі керек?
Ұлыбритания - Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған елдердің бірі. Компаниялар мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, қаржы, машина жасау және білім беру салаларында жұмыс істейді. Қазір аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу технологияларына да қызығушылық артып келеді. Биыл ақпанда екі ел осы бағыттағы ынтымақтастықтың 2027 жылға дейінгі жол картасына қол қойды.
Джек О’Брайен, Weir компаниясының аппарат басшысы:
Қазақстан – біз үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды нарық. Бұл елде кәсібімізді одан әрі дамытуға мүмкіндік мол. Қазір аймақта шамамен 150 қызметкеріміз жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын одан әрі кеңейтіп, тау-кен өнеркәсібінің өркендеуіне үлес қосуды жоспарлап отырмыз.
Шетелдік капиталды тартуда құқықтық кепілдіктер де маңызды рөл атқарады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты ағылшынның жалпы құқық қағидаттарына сүйеніп жұмыс істейді. Ол қаржы орталығының жұмысына байланысты туындаған, сондай-ақ тараптардың келісімімен қарауға берілген азаматтық және коммерциялық дауларды шешеді. Мұндай құқықтық тетік Британ бизнесі үшін тиімді.
Джеймс Пикеринг, Enterprise Chambers Барристерлер кеңсесінің жетекшісі:
Ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген басқа да офшорлық юрисдикциялар бар. Мысалы, Дубайда, Абу-Дабиде және Катарда. Бірақ Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктері мен географиялық орналасуын ескерсек, мұндағы Сот пен Арбитраж орталығының әлеуеті, менің ойымша, орасан зор.
Британ инвесторлары Қазақстан нарығында жұмысын кеңейтуге мүдделі. Бірақ шетелдік капиталды нақты жобаларға тарту үшін қолайлы жағдай ғана емес, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы да қажет. Президент Жолдауда дәл осы мәселеге назар аударып, инвестиция тартуға жауапты мекемелердің өкілеттіктері қайталанатынын сынға алып отыр. Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейтуді ұсынды. Басты мақсат - инвесторлардың қызығушылығын нақты жобаларға бұру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы