Президент жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды ұсынды
Заман өзгерді, заң да жаңаруы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, қолданыстағы құжат өткен ғасырдың 90-жылдарында, өтпелі кезеңдегі экономикаға арналып әзірленген. Енді оны бүгінгі қоғам мен технологияның талабына сай бейімдеу қажет. Ал жаңа заң қарапайым азаматтың өміріне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?
Заң мәңгілікке өзгермейтін тасқа қашалған таңба емес. Ол заманның көшімен қоғамның қажетіне қарай қайта түлеп тұрғаны абзал. Сонау тоқсаныншы жылдары жазылған Азаматтық кодекстің де жаңарар сәті келді. Мұны Мемлекет басшысы күні кеше Жолдауда баса айтты. Өйткені нарықтық экономиканың негізін қалаған заңдар жинағы тарихи миссиясын толық атқарып шықты.
Ерлан Сайыр, ҚР Құрылтайының депутаты:
Сол тоқсаныншы жылдары қабылданғаннан бері бізде бизнес әлеует пайда болды. Мемлекет пен халықтың арасындағы қарым-қатынас жүйесі реттелді. Мынау біздің еліміздің экономикасын арттырып, азаматтардың құқықтық деңгейін арттыруға өзінің үлесін қосты.
Алайда бұл заңнаманың оңған ісі мен қатар олқы тұсы да бар. Өйткені тұрлауы тоқсан тіршіліктегі түрлі мәселелер цифрлық технологияға келіп тіреледі. Сол себепті сот орындары Азаматтық кодекспен қоса өзге де құқықтық қаулыларға сүйенуге мәжбүр. Ал қарапайым ел қолхаттың өзін кәдеге жарату үшін нотариустарға кіріптар.
Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:
Бізде мынандай бір мәселе бар - қарыз алу, қарыз беру шарттары. Міндетті түрде нотариус арқылы рәсімделуі керек. Немесе қолжазба ретінде қолхат көрсетілуі керек. Жай ғана хат алмасудың өзі де негіз болады. Бірақ оны дәлелдеме ретінде қарау үшін тағы бір кедергілер бар. Оның шығу тегін анықтауымыз керек. Ол қайда жасалды? Ол үшін нотариусқа жүгінеміз.
Азаматтық кодекс сан саладағы құқықтық құжаттардың темірқазығы саналады. Сондықтан өзгерістің өзектілігі де жоғары. Мамандардың айтуынша, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын заңнаманы жазуда цифрлық әлемді жіті зерттеу керек. Сондай-ақ заңдар жинағының құқықтық мәртебесін айқындап, келісімшарттардың талаптарын нақтылау маңызды.
Жанар Жігітекова, ҚР Әділет министрлігі заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:
Ең алдымен, цифрлық объектілердің құқықтық мәртебесін айқындау қажет. Олардың мәні неде, олар қалай реттелуі тиіс, қандай құқықтық салдарға әкеп соғады және қандай шарттық міндеттемелер белгіленуі керек деген мәселелерді шешу керек. Мемлекеттік кәсіпорындардың құқықтық мәртебесі туралы мәселе де өзекті. Олар да кәсіпкерлік қызмет субъектілері болғандықтан қолданыстағы тәсілдерді өзгерту қажеттілігі туындайды.
Президент Құрылтай депутаттары Үкіметпен тізе қосып, маңызды құжатты әзірлеуге құмбыл кірісуді тапсырды. Келер жылдың соңына дейін көптің қажетіне жарайтын, кәсіпкерлер қорғанына балайтын жаңа заманның жарғысын жазып шығуы тиіс.
Жақсылық
Жасұланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы