Басты Жаңалықтар Жолдау: Үкімет нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейді

Жолдау: Үкімет нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейді

Премьер-министр әкімдіктерге жыл соңына дейін қайда, қандай нысан салынатынын нақтылауды тапсырды. Яғни, құрылыс жобаларының тізімі әзірленуі керек. Бүгін Үкімет отырысында Президент Жолдауын жүзеге асыру бағыты талқыланды. Жоспар қандай?  Үкімет отырысынан Самал Қабышева жеткізеді. 

Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады. Енді ұстаздар қауымы толтыратын міндетті құжаттар саны бес есе қысқаруы мүмкін. Сонымен қатар мектептердегі 70-тен астам цифрлық жүйені біріктіру, интеграциялау көзделген. Себебі мұғалімдер бір мәліметті бірнеше платформаға қайта-қайта енгізуге мәжбүр.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау артады. Президент Жолдауын іске асыру аясында 20 өңірде 1 000 орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер бой көтереді. Сондай-ақ облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар салынады.

Елімізде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салынады. Оның ішінде 8 перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасы бар.

Жаңа жылдан бастап  учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Яғни, еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін табысы артады. Бұл дегеніміз - 2027  жылдың бірінші қаңтарынан бастап  77 мыңнан астам медициналық маманның жалақысы өседі деген сөз. 

Микро және шағын бизнеске мораторий. Премьер-министр осы мәселеге қатысты ұсынысты енгізуді тапсырды. Ол үшін екі апта уақыт берді.

Самал Қабышева, тілші:

Сонымен бірге шағын кәсіпорындардың ірі бизнеске айналуына жағдай жасалмақ. Ол үшін ұзақмерзімді қаржыландыру, өндірісті жаңғырту және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауды күшейту шаралары қамтылған арнайы жоспар әзірленеді. 

Бүгін Үкімет отырысында Жолдауды жүзеге асыру шараларын осылайша жан-жақты талқыланды. Бұл - Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет қолға алатын негізгі міндеттердің бір парасы.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Президент жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпы, халықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді. Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек.  

Самал Қабышева, тілші:

Әр өңірдің инфрақұрылымдық қажеттілігі сараланады. Қандай нысандар салынатыны нақты айқындалады. Басымдық жолдарды жөндеуге, су, жылу желілерін жаңартуға, мектеп, аурухана, мәдениет нысандарын салуға беріледі. Үкімет басшысы өңірлерде салынатын құрылыс жобаларының тізімін жыл соңына дейін дайындауды тапсырды. Яғни, әкімдіктегілер министрлікпен бірлесіп қажетті құрылыс нысандарының жобасын ұсынуы тиіс.

Бөлісу